Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгеге жетті

Елде 8 айда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгеге, ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. Ережеге сай, зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасасу үшін белгіленген жасқа толып, жинағы жеткілікті болуы шарт. Төлем алудың бұл тетігіне қызығушылық артты ма? Жүйе қалай жұмыс істейді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Стандартты жағдайда аннуитетті ерлер – 55 жастан, ал әйелдер – 53 жастан бастап рәсімдей алады. Ол үшін азамат өзінің зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударады. Онда сома қаншалықты көп жиналса, ай сайынғы төлем соншалықты жоғары болады. Қалыптасқан тәжірибеде клиент сақтандыру компаниясына берген қаражатын шамамен 14 жылда толық қайтарып алады. Ал компания келісімшартта төлемді өмір бойына төлеуге міндеттелгендіктен, оны үздіксіз жалғастырады. Орта есеппен жылына 427 мың теңгеден бастап, әр жыл сайын 8% индекстеумен есептеледі.

Рауан Ескен, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ бас сарапшысы:

– Кейінгі жылы бізге қызығушылықтың артқанын байқап отырмыз. Бірақ зейнетақы аннуитеті туралы әлі білмейтіндер де көп деуге болады. Азаматтар бұл туралы сұрастырып, сақтандыру компаниясынан төлем алудың шарттары бойынша кеңес алуға келе бастады. Бізге келгенде еңбек өтілі, жинағы секілді қажетті деректерді сұратамыз. Себебі бұның барлығы төлем мөлшеріне әсер етеді.

Зейнетақы аннуитеті бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының барлығына бірдей қолжетімді емес. Ол үшін жинақ мөлшері белгілі шегіне жетуі тиіс. Ерлер үшін 10 млн теңге, әйелдерге шамамен 11 млн теңгеден басталады. Бастысы – зейнетақы аннуитетін сатып алу туралы шешім бір рет қабылданады. Аударылған қаражатты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайтаруға болмайды. Тек басқа сақтандыру компаниясымен шарт жасасуға рұқсат.

Зарина Бекқалиева, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ баспасөз хатшысы:

– Бұл бір жылдық немесе қысқа мерзімді сақтандыру емес, бұл сіздің өмір бойына жасалатын маңызды қадамыңыз. Сондықтан серіктес компанияны таңдаған кезде асығыстық танытпау керек. Өмірді сақтандыру компаниясын таңдағанда лицензиясы бар екеніне көз жеткізіңіз. Бұл ең маңызды фактор. Бұны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тізілімінен тексеруге болады.

Бұл – әлемдік тәжірибе. Қазақстан тек өз нарығына қарай ыңғайлады. Мақсат – азаматтарға зейнетақы жинақтарын пайдалану құқығын кеңейту.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

– Яғни мемлекет сол арқылы азаматтардың алдағы уақытта ақшаларын тұрақты алуына мүмкіндік беру, екіншіден сақтандыру нарығын дамыту, үшіншіден зейнетақы қорындағы қаражаттың үстіне пайызбен табыс табуға мүмкіндік беру. Бұл әлемнің көптеген мемлекеттерінде бар. Біз көбінесе зейнетақыға қатысты тәжірибені Чилиден аламыз. Немесе Ұлыбритания да бар. Қазақстанның үлгісі солардың толық моделін қабылдап алу емес, өзіміздің де спецификамыз бар.

Елде зейнетақы аннуитеті бойынша жұмыс істейтін 10 сақтандыру компаниясы бар. Егер олардың бірі қаржылық қиындыққа ұшыраса, төлемді кім қайтарады? Кейбір азаматтарды осы сұрақ мазалайды. Сала мамандарының айтуынша, тәуекел кезінде Кепілдік беру қоры барлығын өз мойнына алады. Проблемалық сақтандыру компаниясы аукционға шығарылып, активтері жаңа инвесторға беріледі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұндай 1 ғана жағдай болған. Ол кезде клиенттер алдындағы міндеттемені Мемлекеттік аннуитеттік компания өтеген болатын.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Айбын Құсанбеков

Сондай-ақ оқыңыз: