Қазақстанда ауқымды әскери реформа басталды
Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кешенді әскери реформа қолға алынды. Бұдан былай мерзімді әскери қызмет екі кезеңді жүйеге көшеді.
Жаңа модель бойынша сарбаздар алғашқы жарты жылда оқу орталықтарында әскери дайындықтан өтіп, жасанды интеллектіні қолдануды және азаматтық мамандықтарды меңгереді. Қалған алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарады. Пилоттық жобаны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар армияға заманауи технологиялар мен цифрлық жүйелер енгізіліп, әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуы күшейтіледі. Сарбаздардың құқықтарын қорғау үшін тәуелсіз әскери кеңесшілер институты құрылады. Келер жылдан бастап жастарға арналған бірыңғай «Жас айбын» әскери-патриоттық даярлық жүйесін де енгізу көзделген. Реформаның алғашқы ұйымдастыру шаралары жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.