Қазақстанда кешенді әскери реформа басталды

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кешенді әскери реформа қолға алынды. Бұдан былай мерзімді әскери қызмет екі кезеңді жүйеге көшеді. Жаңа модель бойынша сарбаздар алғашқы жарты жылда оқу орталықтарында әскери дайындықтан өтіп, жасанды интеллектіні қолдануды және азаматтық мамандықтарды меңгереді, деп хабарлайды 24KZ.


Қалған алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарады. Пилоттық жобаны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар армияға заманауи технологиялар мен цифрлық жүйелер енгізіліп, әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуы күшейтіледі. Сарбаздардың құқықтарын қорғау үшін тәуелсіз әскери кеңесшілер институты құрылады. Келер жылдан бастап жастарға арналған бірыңғай «Жас айбын» әскери-патриоттық даярлық жүйесін де енгізу көзделген. Реформаның алғашқы ұйымдастыру шаралары жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.

Айтқұрман Омарбеков, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бас штабының бастығы:

– Елімізде жаңа заманғы ұтқыр әрі технологиялық армия құруға бағытталған. Әскери реформаны іске асыру басталды. Реформа аясында әскери басқару жүйесін жетілдіруден бастап жауынгерлік дайындықты арттыруға, отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға дейінгі маңызды бағыттар қамтылмақ. Сонымен қатар әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің жағдайын жақсартуға және олардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінбек. Мерзімді әскери қызмет өткеру тәсілі де өзгереді. Реформа аясында алдағы жылдан бастап әскери қызметтің жаңа моделін сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобаны іске қосу, сондай-ақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беретін бірыңғай «Жас айбын» жүйесін дамыту жоспарланып отыр. Реформаның басты мақсаты – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және қарулы күштердің заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыз: