Қызылорда облысында соңғы төрт жылда 27 спорт кешені пайдалануға берілді
Көбі ауылдарда салынды. Өңір тұрғындарын спорт инфрақұрылымымен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Спорт нысандары көбейгеннен кейін бұқаралық спортпен шұғылданатындар қатары артты, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір Қызылорданың өзінде халықаралық талаптарға сай келетін «Қызылорда Арена» алып кешені салынып жатыр. Одан бөлек, Жаңақорған ауданында тағы екі спорт кешенін ашу жоспарланып отыр.
Жаңақорған ауданына қарасты Келінтөбе ауылында биыл жаңа спорт кешені ашылды. Мұнда 200-ге жуық бала дзюдо, таэквандо, ауыр атлетика және гандболмен айналысады. Бұған дейін ауыл жастары мектептің спорт залында шынығып келді.
Мейіржан Орынтай, гандбол жаттықтырушысы:
– Мектеп қабырғасындағы кішкентай залдан мықты спортшылар шыққан. Әлі де шығу үстінде. Артымыздан келе жатқан келешек спортшылардан зор үміт күтеміз. Одан да мықты спортшылар шығады деген үміт күтеміз.
13 жастағы Нұрлан Бегнұр – 4 жылдан бері таэквандомен шұғылданады. Ол халықаралық жарыстардың чемпионы әрі республикалық бәсекелердің жүлдегері атанған. Алға қойған мақсаты – Олимпиада шыңын бағындыру.
Нұрлан Бегнұр, спортшы:
– Бұл спорт кешені ашылмай тұрып, біз мектепте жаттығушы едік. Ол мектепте бізде бұндай құрал-жабдықтар болмады. Мен халықаралық жарыстардан чемпион атанғанмын. Республикалық жарыстардың жүлдегерімін.
Ауданда соңғы 5 жылда 6 спорт кешені берілді. Қазір Құттықожа ауылы мен Жаңақорған кентінде тағы екі нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Махмут Рахымжанов, Жаңақорған аудандық Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
– Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені – екі қабатты ғимарат. Бірінші қабатында жүзу бассейні болады. Екінші қабатында теннис залы және тренажер залдары халыққа тұрақты түрде шұғылдануға қызмет көрсететін болады. Халықтың мың адамға шаққанда 75% дене шынықтыру, сауықтыру кешендерімен халықтың қолжетімділігін арттырып отырмыз.
Облыста соңғы 4 жылда 27 спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Жалпы өңірде бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар үлесі қазір 45 пайызға жуықтап отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин