Сан-Францискода көк туымыз желбіреді
АҚШ-тағы Сан-Францискода Республика күнін атап өтті. Бұл шаһарда 25 қазан «Қазақстан – Америка достығы мен мәдени мұрасы күні» деп жарияланды. Мерекеге шетеледегі қазақтар және екі елдің қарым-қатынасын дамытуға үлес қосып жүрген америкалық мамандар қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Ал кешке Кремний алқабындағы мэрия ғимараты көк байрағымыздың түсіне боялды.
Сан-Францисконың қақ ортасында Қазақстанның әнұраны шырқалып, шаһардың басты ғимаратына көк туымыз көтерілді. Қала мэриясына жиналған отандастарымыз үшін бұл – елден жырақта жүріп, туған жерге бір табан жақындай түскен сәт. Республика күніне орай өткен рәсімде Сан-Франциско мэрі Дэниел Лури де қазақ қауымына ерекше тарту жасады. Биылғы 25 қазанды Сан-Францискода «Қазақстан – Америка достығы мен мәдени мұрасы күні» деп жариялады.
Дэниел Лури, Сан-Франциско мэрі:
– Сан-Франциско жұртшылығын қазақтың бай мәдени мұрасымен таныстырып келесіздер. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне қалалық кітапханаға қазақ әдебиеті жауһарларын тарту етулеріңіз арқылы тілдеріңіз бен әдеби мұраларыңыздың келер ұрпаққа жетуіне жол аштыңыздар. Өңіріміздегі қазақ қауымдастығына шынайы ризамын. Сіздердің мәдени мұраларыңыз қала тарихының маңызды бір бөлігіне айналып, оның рухани қазынасын байыта түседі.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі:
– Сан-Францискодағы қазақ диаспорасы өте белсенді. Мұнда жасанды интеллект пен цифрландыру саласында еңбек ететін жастар, жас отбасылар көп. Цифрландыру – Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығының жаңа бағыттарының бірі. Сондықтан шараны Кремний алқабына жақын орналасқан осы қалада өткізу маңызды болды. Мақсатымыз – отандастарымыздың басын қосып, жаңа жетістіктерге жігерлендіре түсу.
Ту көтеру рәсімінен кейін мереке салтанатты қабылдауға ұласты. Жүз елуге жуық қонақтың арасында Қазақстанмен екіжақты байланыстарды нығайтуға атсалысып жүрген америкалықтар да бар. Бірі қазақстандық студенттерге әлемнің жетекші университеттерінің курстарын ұсынса, енді бірі еліміздегі жасанды интеллект саласының дамуына үлес қосып жүр. Олар екі ел арасындағы серіктестіктің нәтижелерін айтып, АҚШ-тағы қазақ қауымдастығының рөліне тоқталды.
Марк Ист, Coursera-ның әлем бойынша мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі вице-президенті:
– Қазақстанда біздің оқу материалдарымыз бойынша шамамен 700 мың студент білім алып, жалпы 2 млн 400 мыңдай курстан өтті. Қазір жүз мыңнан астам студент жасанды интеллект курсында оқып жатыр. Мақсатымыз – жастарға әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық компанияларының озық білімін ұсынып, еңбек нарығына қажетті дағдыларды меңгерту. Алғаш 24 университетпен бастаған жоба бүгінде жүзден астам оқу орнын қамтиды.
Олаф Грот, PhD, UC Berkeley Haas бизнес мектебінің практик-профессоры:
– Екі елді жаңашылдыққа ұмтылыс, экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсаты біріктіреді. Ал қазақ диаспорасы Кремний алқабы мен Қазақстандағы инновациялық орталықтар арасында тұрақты әрі нәтижелі байланыс орнатып отыр. Бүгін мен осы қауымдастыққа және оның екі елді жақындастырып жатқан еңбегіне қолдау білдіруге келдім.
Ал кешке мереке құрметіне Сан-Франциско мэриясының ғимараты Қазақ туының түстеріне боялды. Биыл Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толады. Осындай елеулі белеске арналған шаралар желісі екіжақты байланыстың жемісті түрде жалғасып жатқанын көрсетті.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шін, Қаламқас Қуанышбекова