Елде жаңа өндіріс ошақтары көбейді
Қазақстанда кейінгі жеті жылда 1 мың 200-ден астам зауыт, фабрика іске қосылып, 100 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылған. Тартылған инвестиция көлемі 8,7 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Дамир Берікұлы, тілші:
– Кейінгі жылдары ашылған өндіріс ошақтарының бірі – Астанадағы вагон құрастыру зауыты. Кәсіпорын жылына осындай 100 вагон шығара алады. Зауыт бір жарым жылдың ішінде 85 осындай су жаңа вагонды ұлттық тасымалдаушыға өткізіп берген. Ал вагондардың өзі әр жолаушыға ыңғайлы етіп, заман талабына сай жабдықталған деп отыр зауыттағылар. Біз қазір міне, зауыттан жаңа ғана шыққан вагонның ішіндеміз. Жақында бұл да «Қазақстан теміржолына» өткізіледі. Енді теміржолдарда осындай су жаңа вагондарды тезірек көрсек дейміз.
Зауытта 700-ге жуық адам еңбек етеді. Олар 2030 жылдың соңына дейін бір ғана «Қазақстан темір жолының» тапсырысы бойынша 500-ден астам вагон шығаруы тиіс. Яғни елдегі пойыздардың жаңаруына елеулі үлес қоспақ.
Владимир Русак, кәсіпорынның бас директоры:
– Біз жылына 100 вагон шығарумен шектеліп қалмаймыз. Көбірек өндіруге қуатымыз жетеді. Одан бөлек, келешекте тіпті трамвай, метро, электрлі пойыздар шығаруға да мүмкіндік бар. Оған зауыт аумағы да жеткілікті.
Ел бойынша өнеркәсіп саласында көш бастап тұрған бағыттардың бірі де осы – машина жасау саласы. 2019-2026 жылдар аралығында аталған салада 187 жоба жүзеге асырылып, 25 жарым мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазір аймақтарда тракторлар, автобустар, карьерлік және жол-құрылыс техникасын шығаратын өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұр. «Автомобиль жасау мен оның бөлшектерін шығару да дамып келеді», – дейді жауаптылар.
Мұхамед Андақов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
– Мультимедиа өзімізде Қазақстанда жасау басталды. Көліктің күнде өзіміз отыратын орындықтары бұрын бізде жасалмайтын. Қазір оны да өзіміз жасайтын болдық. Қарағандыдағы шина зауыты – мақтанып келетін зауыттардың бірі. Қостанайдағы, Алматыдағы жаңа машина жасау зауыттарын да қоса айтуға болады.
Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы бұрнағы жылдары біраз кенжелеп қалған болатын. Соңғы кездері оның да тамырына қан жүгіріп, жаңа фабрикалар ашыла бастаған. Солардың бірі – «Түркістан тоқыма» кешені. Кәсіпорынның алғашқы кезеңі былтыр желтоқсан айында іске қосылды. Өндіріс ошағы толық циклге негізделген. Мақтаны өздері өсіріп, одан жіп, мата алады. Төсек-орын жиынтығы мен көрпе тігуді де қолға алмақ. Ал Ақтөбедегі жаңа зауыт кейінгі кездері ештеңеге жарамсыз боп күл-қоқыста жататын қой жүнін кәдеге асырмақ.
Мұхамед Андақов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
– Бұл – жүнді өңдеу технологиялық түрде жүнді өңдеп, одан жылу оқшаулағыш өндіру. Бұл – киіз үй немесе басқасын болсын экологиялық таза, жылу оқшаулағыш материал. Италиялық технологиямен жасалған жаңа зауыт іске қосылды және жеңілдетілген несиесін алды. Қазір өнімін шығарып, сыртқа да ішке де шығып жатыр. Өнімге сұраныс көп.
Ал Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүгеріні терең өңдейтін бірегей зауыттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Ол жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеп, одан крахмал, аминқышқылдары мен мал азығына арналған қоспалар өндіре алады. Жобаның барлық кезеңі аяқталғанда шамамен 1 жарым мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл да елімізде жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың 100-ден астамы іске қосылып үлгерді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Болатбек Тоболдиев, Мейрам Жүнісов