Атырауда Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті
Атырауда Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті.
Ел бірлігі мен егемендігін дәріптеп, айтулы мерекені ұлықтауға арналған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім Мемлекеттік әнұранмен басталды. Көк байрақтың көкке көтерілуі ел тарихындағы айтулы күннің мәнін айшықтай түсті. 36 жыл ішінде еліміз қарыштап дамып, биік белестерді бағындырды. Мұнай өндіру көлемі артып, қазақтың қара алтыны әлемге танылды. Жаңа зауыттар бой көтеріп, мыңдаған жұмыс орыны құрылды. Бұл күннің ел тарихындағы алар орыны ерекше.
Лесқали Бердіғожин, тарих ғылымдарының докторы:
- 1990 жылы 25 қазан күні Қазақстанның сол кездегі Жоғарғы Кеңесі Егемендік туралы декларацияны қабылдады. Халқымыздың армандаған егемендікке сол күн қол қойылды заң жүзінде. Бұл мерекені біз қастерлеуіміз керек. Әрқашан ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, бұл күнді біз әрқашан тарихи маңызын жоғалтпауымыз керек.
Қазақстандағы көмірсутегі шикізатының 65 пайызы орналасқан Атырау өңірі үшін мұнай-газ өнеркәсібі ерекше басымдыққа ие. Экономиканың күретамыры саналатын сала өзге де бағыттардың даму даңғылына жол ашты. Ел Егемендігінің арқасында түрлі салада өндіріс жанданды.
Дәмелі Уапова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Көңіліміз керемет шуақты, рухымыз көтеріліп жатыр жатыр бүгінгі мерекеде. Өте керемет. Осылай көңіліміз шуақты болсын, өзіміз қуатты болайық. Қуатты Қазақстанда, сауатты Қазақстанда өмір сүрейік, ұрпағымыз саналы,салиқалы болсын дегім келеді. Мереке өте жақсы өтіп жатыр. Көк Туымызға қараңыз, қалай аспанда желбіреп тұр.
Республика күніне орай өңірде көптеген іс-шара ұйымдастырылып, көрмелер, танымдық кездесулер өткізілді. Аудандарда да айтулы мереке кеңінен тойланып, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Бұған қоса ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп, тұрғындарға жергілікті өнімдер қолжетімді бағада ұсынылды.
Авторлары Асланбек Шығыр, Амантай Матенов