Алматыда Қайым Мұхамедханов көшесі пайда болды

Биыл қазақ руханияты мен ғылымының көрнекті өкілі, белгілі ғалым Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл. Осыған орай Алматыдағы жаңа көшенің біріне қоғам қайраткерінің есімі беріліп, «Қайым Мұхамедханов – ұлт руханиятының шамшырағы» атты әдеби іс-шара өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Қайым Мұхамедханов – абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы. Алаш қайраткерлерін зерттеді. Оған қоса, драматург, жазушы, текстолог, педагог, әдебиеттанушы, аудармашы. Оның қазақ әдебиеті ғылымына қосқан үлесі орасан. Есімі ұрпақ жадында. Енді атында көше бар.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Алматының жаңадан бой көтерген Нұркент шағын ауданында орналасқан бұл көше осыған дейін Универсиада деп аталған. Екі жолақты, ортасында аллея бар. Енді қазақтың аса көрнекті ғалымы абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың есімін иеленді. Бауыржан Момышұлы көшесімен қиылысады. Бойында «Алматы Арена» сияқты спорт кешені бар. Алдағы уақытта бұл маңнан ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлер салынады.

«Мен өзімді бақытты адам деп санаймын. Себебі ол кісімен жақын араластым. Фильмге бейнесін де, ой-пікірін де жазып қалдырдым», – дейді белгілі кинорежиссер Сергей Азимов. Ол Қайым Мұхамедхановтың абайтану ғылымына сіңірген еңбегін баға жетпес байлық санайды.

Сергей Азимов, кинорёжиссер:

– Абай – Абай болуы үшін оның артынан іздеушісі болуы керек. Оның жанашыры болуы керек. Оны терең зерттейтін үлкен ғалым болуы керек. Сондай ғалым, сондай тұлға, сондай ерекше қазақтың жанашыры Қайым Мұхамедханов.

Қайым Мұхамедханов өзінің ғылыми ұстанымы үшін, әсіресе «Абайдың ақындық мектебі» атты диссертациясы үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырады. 25 жылға сотталды. Кейіннен ақталып шығады. Қанша қиындық көрсе де ұстазы Мұхтар Әуезовті сатпады.

Серікқазы Қорабай, Абайтанушы:

– Абайдың ақындық мектебін зерттегені үшін Карлаг лагеріне қамалған болатын. Қайым ағамыз өзінің идеясынан, райынан қайтқан жоқ, өмірбақи Абай мұрасына, Мұхтар Әуезовке адал болып қалды.

Қайым Мұхамедханов 1916 жылы Семей қаласында дүниеге келді. Сонда оқып, ғылым жолына түсті. 27 жасында Қазақ КСР-інің алғашқы мемлекеттік гимнінің мәтінін жазды.

Аманғайша Жұматаева, Қайым Мұхамедхановтың шәкірті:

– Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған дегенді сол гимнді ер қазақ деп жазған бұл кісі. Бірақ біз қазақ деген сөзі үшін қосымша авторларды қосқан екен. Мен сол гимннің авторы едім деп ешқашан кеудесін көтермеген еді.

Дина Мұхамедхан қазір әкесінің атындағы білім және мәдениет орталығын басқарады. Мұрағаттарын және қолжазбаларын жинап, насихаттаумен айналысады. Өзі де бірнеше ғылыми еңбектердің авторы.

Дина Мұхамедхан, Қайым Мұхамедхановтың қызы:

– Ол үнемі бізге адал болыңдар, қарапайымдылық, адамдық қасиеттеріңді жоғалтпаңдар» деп айтып отыратын. Сол жолдан тайған емеспіз. Міне, көшеге есімі беріліп жатыр. Ғалымның хаты өлмейді деген осы. Ол тарихи тұлға. Оның мұрасы қазақ халқының баға жетпес қазынасы.

Іс-шара «Қайым Мұхамедханов – ұлт руханиятының шамшырағы» атты әдеби кешпен жалғасты. Басқосуда ғалымның сан қырлы мұрасын әлі де жан-жақты зерттеу жайы талқыланды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев

Сондай-ақ оқыңыз: