Түркістан облысында 1 миллионнан астам тұрғын ауызсумен қамтамасыз етіледі
Түркістан облысында ұзындығы 54,7 шақырым болатын топтық су құбыры және қуаты 72 МВт су электр станцияларының каскады салынады, деп хабарлайды 24KZ Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «South Hydro Power» ЖШС тиісті келісімге қол қойды.
Жоба нәтижесінде аталған бес аудандағы 1 миллионнан астам тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Ал су электр станцияларының каскады жылына 72 МВт көлемінде «жасыл» электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі энергия тапшылығын азайтуға ықпал етеді.
Келісімде су тұтыну көлемі, жобаның инвестициялық кезеңі мен пайдалану мерзімдері белгіленген. Сондай-ақ ұзындығы 54,7 шақырым магистральдық су құбырын кейін мемлекет меншігіне өтеусіз беру көзделген.
Жоспарланған су құбыры мен су электр станцияларының каскады Қазақстанның стратегиялық су нысандары тізіміне енгізілген. Құрылыс кезінде отандық өнімдердің үлесі 90 пайызды құрайды.
Бүгін біз маңызды стратегиялық құжатқа қол қойдық. Бұл жобаны іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Түркістан облысының дамуына елеулі үлес қосады. Қосымша энергетикалық қуат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын экологияға зиян келтірмей, тиімді орындауға мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.