Астанада Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының форумы өтті

Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерді қаржыландыру үшін Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорына өтінім берді. Қазір құжат қаралып жатыр. Бұдан бөлек Қазақстан басқа салалардағы жобаларға да қор қаражатын тартуды жоспарлап отыр.

Мұны Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қордың арнайы форумында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан - осы қордың акционері. Еліміздің үлесі – 16 пайыз.

Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Адами капиталдың экономикалық өсуге, адами капиталдың жалпы дамуға үлесі туралы болып жатыр. Кеше ғана Президент Жолдауында халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс туралы, халықаралық ұйымдардың тәжірибесін, халықаралық ұйымдардың зерттеулерін біздің экономикамызға тарту туралы және адами капитал туралы Президент нақты-нақты айтып кетті. Қаржы министрлігі ретінде осы біз қордың акционері боламыз және осы қордың елде үйлестіру жұмыстарын жүргіземіз.

Конференцияда төрт елдің, яки Қазақстан, Армения, Қырғызстан және Тәжікстанның демографиялық ахуалы мен еңбек нарығына қатысты зерттеу нәтижелері таныстырылды. Болжам бойынша 2040 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің қатары тағы 1 миллион 800 мың адамға толығуы мүмкін. Бұл еңбек нарығына жаңа талаптар қойып, мамандар даярлау мен жұмыс орындарын жоспарлаудың маңызын арттырады.

Айта кетейік, 2009 жылы құрылған қор бюджет тапшылығын еңсеруге көмектесу, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, техникалық көмек сынды бағыттарды қамтиды.

Тарас Цукарев, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының талдамалық жұмыс департаментінің директоры:

- Қазақстанның жалпы ішкі өнімі соңғы 15 жылда шамамен 80 пайызға өсті. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс та өзгеріп жатыр. Біздің болжамымызша, 2040 жылға қарай еңбек нарығына тағы 1 миллион 800 мыңға жуық адам қосылады. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін жоғары өнімді салаларды дамытып, еңбек өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру және адами капиталды нығайту қажет. 

Сондай-ақ оқыңыз: