Елде электр энергиясын өндіру көлемі артады

Жыл сайын өндірілетін 123 миллиард киловатт-сағат электр қуатының өзі елге аздық етеді. Себебі цифрлық дәуірде энергия көзіне сұраныс еселеп артып жатыр.

Президент биылғы Жолдауында саладағы кемшін тұстарды тізіп, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Соның бірі – 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіру. Ол үшін елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту қажет. Қандай жұмыстар атқарылады? 

Энергетикада шешілмеген мәселе көп. Қуат тапшылығы жылда байқалады. Әсіресе қыс мезгілінде сұраныстың еселейтіні жасырын емес. Тіпті сағатына 123 миллиард киловатт өндірілетін энергия өнеркәсіп, құрылыс және сандық жүйелер секілді маңызды бағыттардың толық дамуына аздық етіп отыр. Мемлекет басшысы Жолдауда саладағы кемшіліктерді тізіп, жауаптылар алдына бірқатар стратегиялық міндет қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдымызда стратегиялық маңызы бар міндет тұр. 2029 жылға қарай тұрақты энергопрофицитке қол жеткізу керек. Осы мақсатта біз жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр беру желілерін жаңғыртуға, «таза» көмір генерациясын дамытуға мән беруіміз керек. Жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн электр станцияларына баса назар аударған жөн. Жалпы Үкімет елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық балансын өзектендіруі тиіс

Елдегі энергетикалық инфрақұрылымның ескіргені жасырын емес. Басқасын айтпағанда, жылу электр орталықтары 59 пайызға тозған. Жауаптылар мәселені Ұлттық жоба аясында шешеміз деп отыр.

Асылжан Мусин, ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры:

- 2029 жылға қарай жылу электр орталықтарының тозуын 56 пайызға төмендету көзделіп отыр. Ал ГРЭС секілді ескірген ірі электр станцияларын 50 пайызға дейін азайтуды жолға қойып отырмыз. Бұл шаралар қолданыстағы жабдықтарды жаңғырту, қайта құру және жөндеу жұмыстарын жүргізу есебінен, яғни Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылады.

Әрине, энергетикалық қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстар да жеткіліксіз. Сондықтан алдағы үш жылда жалпы қуаты 13,3 гигватт болатын жаңа нысандарды іске қосу жоспарланды.

Берік Зарлық, ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы:

- Аталған объектілерді іске қосу өсіп келе жатқан тапшылықты толық жабуға мүмкіндік береді және ел экономикасын цифрландыруды және деректерді өндіру орталықтарын болашақта орналастыруға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың қатарына Екібастұздағы ГРЭС-3, Курчатовтағы ЖЭО салу және Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы ЖЭО-ларды салу болып табылады. ГРЭС-3 бойынша блок-блокпен беру көзделген. Ол 2029-2032 жылдар аралығында.

Энергетикалық қауіпсіздік құр сөз емес, ол  экономиканың дамуына тікелей әсер ететін сала. Президент мұны қадап айтты. Биылғы Жолдау нақты міндетті айқындап, жедел іске кірісу қажеттігін аңғартады.

Авторлары: Альмира Оразбай Медет Қуанышбеков

Сондай-ақ оқыңыз: