ЕҰУ жастары Президент Жолдауының басты бағыттарын талқылады
Еуразия ұлттық университетінің студенттері Президент Жолдауындағы стратегиялық бағыттарды талқылады. Жиынға Құрылтай депутаттары, сарапшылар мен студенттер қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Сараптамалық талдауда жастар саясатын дамыту мәселелері көтерілді. «Маңызды шешімдер қабылдауға жастар да белсенді қатысу керек», – дейді сарапшылар. Сондай-ақ кейінгі буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға да ден қойылды.
Сымбат Төребекова, ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің студенті:
– Президенттің Жолдауында өз мамандығыма қатысты екі маңызды бағыт атап өтілді. Олар – көлік және энергетика салалары. Атап айтқанда, логистика және энергетика салаларында қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану арқылы жұмыс үдерістерін жеңілдету мәселесі ерекше назар аудартады. Осы Жолдаудан кейін менде де ғылым саласындағы зерттеулерде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, сондай-ақ ауыл шаруашылығына ЖИ технологияларын енгізу бағытында көптеген жаңа идеялар туындады. Бұл идеялар болашақ ғылыми жобаларымның негізіне айналуы мүмкін.
Қайрат Қамбаров, ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
– Қазір мемлекеттік саясат жастар үшін емес, жастармен бірге әзірленіп келеді. Жолдауда Президентіміз нақты тапсырмалар мен міндеттерді айқындап берді. Енді ерекше атап өтетін бір маңызды мәселе бар. «Таза Қазақстан» концепциясы,«Таза Қазақстан» идеологиясы. Бұл – тек қана бір күндік далаға шығып, көше сыпыру емес. Бұл – сананың тазаруы жөнінде, соны жастарға түсіндіріп, жеткізу. Өйткені бұл министрлік немесе жергілікті атқарушы органдар ғана атқаратын міндет емес, ол қоғам болып, бәріміз бірлесе отырып, сол тапсырманы орындауымыз қажет.