ҚҚДИ «Sarapshy» медиажобасын іске қосты
Қазақстандық қоғамдық даму институты жаңа қоғамдық сарапшылар пулын дамытуға бағытталған «Sarapshy» медиажобасын іске қосты, деп хабарлайды «24KZ» kipd.kz сілтеме жасап.
Қазақстандық қоғамдық даму институты зерттеулер, деректер және нақты қоғамдық үдерістерге сүйене отырып, жаңа қоғамдық әдеп туралы кәсіби әрі көпшілікке түсінікті тілде пікір білдіре алатын сарапшылар пулын қалыптастыруға бағытталған «Sarapshy» медиажобасын іске қосты.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 140-тан астам өтінімнің ішінен 25 қатысушыдан тұратын топ жасақталды. Олардың қатарында қоғамдық даму, әлеуметтік қатынастар, мәдениет және коммуникациялар салаларында тәжірибесі бар зерттеушілер, талдаушылар мен практик мамандар бар.
31 қазан мен 14 қараша аралығында қатысушылар тәжірибелі сарапшылар мен дәріскерлердің жетекшілігімен практикалық медиадайындықтан өтеді. Бағдарлама сарапшылық позицияны қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау, көпшілік алдында сөйлеу, мазмұнды сараптамалық пікірлер дайындау және аудиториямен жұмыс істеу бағыттарын қамтиды.
Жобаның ашылу рәсімінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Жұлдызай Ысқақова қоғамдық даму мәселелерін мазмұнды талқылауда сарапшылар қауымдастығының ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Жаңа қоғамдық әдеп тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарындағы маңызды мәселелердің бірі және қоғамдық дамудың басым бағыты ретінде тұрақты түрде көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында да: «Еліміздің орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа әдеп орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс», – деп атап өтті.
Жұлдызай Ысқақованың айтуынша, жаңа қоғамдық әдеп адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынас пен өзара іс-қимыл мәдениетінің сапасымен тікелей байланысты.
– «Тақырыптың өзегі қарым-қатынас мәдениеті, жауапкершілік, ортақ ережелер мен қоғамдық кеңістікке құрметпен қарау туралы. Бұл бағыттағы әңгіме жалпы ұрандар мен ақыл айтумен шектелмеуге тиіс. Бізге зерттеулер мен деректерге сүйене отырып жұмыс істей алатын, қоғамдық мәселелердің себептерін түсіндіріп, негізделген шешімдер ұсына білетін сарапшылар қажет. «Sarapshy» жобасы аясында дәл осындай мазмұнды сарапшылық диалогты дамытуды көздейміз», – деді ол.
TEDxAstana жобасының кураторы, PR, GR және өзгерістерді басқару саласының сарапшысы, медиатренер Әлия Сандыбай TEDxAstana тобының «Sarapshy» жобасына қатысуы ғылыми және кәсіби білімді кең аудиторияға қолжетімді ету бойынша ортақ мақсатқа негізделгенін атап өтті.

– «Соңғы он жыл бойы TEDxAstana зерттеулерді, ғылыми жетістіктер мен кәсіби идеяларды қоғамға түсінікті әрі жақын ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде қоғамдық кеңістікте фактілермен жұмыс істей алатын, күрделі үдерістерді түсіндіріп, мазмұнды қоғамдық диалогты қолдайтын білікті сарапшылар дауысының көбірек болуы аса маңызды», – деді Әлия Сандыбай.
Қазақстандық қоғамдық даму институты үшін «Sarapshy» жобасы зерттеулер, сарапшылық білім мен қоғамдық коммуникацияны өзара байланыстыру бағытындағы жұмыстың жалғасы болып саналады.
Жоба зерттеу нәтижелерін кеңінен қоғамдық кеңістікке шығаруға және қоғамдық өмірдің сапасына тікелей әсер ететін үдерістерді кәсіби тұрғыда талқылаудың негізі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.