«Әділетті Қазақстан» құру үшін қоғам да өзгеруі керек – Қуат Бораш.
Қазақстанда реформалардың нәтижелі болуы үшін мемлекеттік шешімдермен қатар қоғамның дүниетанымы мен азаматтардың жауапкершілігі де өзгеруі керек. «Адал азамат» қағидаты осыған негізделген. Бұл туралы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры Қуат Бораш 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, биылғы Президент Жолдауы – «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы реформалардың заңды жалғасы. Жаңа Конституцияда белгіленген бағыттарды енді нақты іспен жүзеге асыру қажет. Соның ішінде экономиканы цифрландыру, инфрақұрылымды жаңарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелері бар.
Қуат Бораш реформалардың жүзеге асуы қоғамның өзгеруіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Негізгі реформаларды жүзеге асыру механизмдерінің қазығы – осы халықтың өзінің өзгеруінде, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, «Адал азамат» қалыптастыру үшін адамдардың еңбекке, қоғамдық мүлікке және ортақ іске деген көзқарасы өзгеруі керек. Мысалы, «Таза Қазақстан» бастамасы әр адамның өз үйі мен ауласынан басталуы тиіс. Азаматтар қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан нысандарға да жауапкершілікпен қарауы қажет.
Халықтың менталитеті, ділі өзгеріп, еңбекқорлық, үнемшілдік қалыптасуы керек. Сонда халық мемлекеттің бюджетіне де, жасалып жатқан ауқымды жобаларға да өзі араласып, мемлекетпен бірге жүзеге асыратын болады, – деп түсіндірді Қуат Бораш.
Сарапшы әлеуметтік әділеттілік мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, жағдайы жақсы, табысы жеткілікті азаматтар мемлекет көмегіне негізсіз қол созбауы керек.
Президент атап көрсеткен әлеуметтік әділеттілік қағидаты бойынша масылдықтан арылып, көмекті ең мұқтаж адамдарға ғана көрсету керек. Ал жағдайы бар, мүмкіндігі бар адамдардың «мемлекет берді, ала берейін» деуі дұрыс емес, – деді Қуат Бораш.