Алматыда Қытай қазақтарының музыкалық мұрасына арналған концерт өтті

Құрманғазы консерваториясы домбыраның күмбіріне, сыбызғының үніне бөленді. Халық әндері шырқалды, деп хабарлайды 24KZ.

Шығыстағы қандастарымыздың ұлттық өнерге деген құрметі ерекше. Іле, Алтай, Тарбағатай және Шыңжаң өңірін мекендеген қазақтар ата-бабадан қалған күйшілік, әншілік және аспаптық мектептерді күш-қуатына қарай сақтап, дамытып келеді. Солардың бірі шертпе күй дәстүрінің көрнекті өкілі Нұрымбай Сүлейменұлы еді. Жастайынан өнерден сусап өскен композитордың артында 60-тан аса күй қалды. Бүгінде өнер иесінің мұрасын қызы Нұрбибі жалғастырып жүр. Ол төрт жыл бұрын атамекенге оралыпты. Консерватория сахнасында әкесінің «Ыстық ұя» күйін тартып берді.

Нұрбибі Нұрымбайқызы, күйші:

– Ол кісі жастайынан өнерлі отбасында ер жеткен. Әкем алты жасынан бастап домбыраны өзіне бойтұмар етіп ұстап, кейіннен көптеген күйлер шығарды. Өз жанынан 63 күй шығарды. Сосын сыбызғының үнін естіп өскендіктен, көбіне домбырада шығарған күйлері де сыбызғы үніне жақын.

Сыбызғы – табиғат сырын жеткізген көне аспап. Ол аң-құстың, тау мен тастың үнін айнытпай салады. Шыңжаң қазақтары оның сырлы сазын ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келеді. Жиырма жылдан бері қолынан сыбызғысы түспеген Ақжол Жүсіп бүгінгі кеште Смағұлдың «Қайран тотай» күйін орындады.

Ақжол Жүсіп, сыбызғышы:

– Негізі, мен өзім Қытай жақта жүрген кезімде қолымдағы сыбызғыны ермек қылып жүрдім. Еренқабырға жақта әйгілі сыбызғышы Бейілхан Қалиақпарұлы өмір сүрген. Сол кісіге барып, сыбызғы өнерінің мән-жайын сұрастырып, шәкірт болдым. Осы сыбызғының дәстүрлі ойнау әдістерін игердім.

Бұл концерт алыстағы ағайын арасында ұлттық өнердің өшпегенін, қазақ халқының ән-күйі географиялық шекарамен шектелмейтінін көрсетті. Кеште қытай композиторларының шығармалары да орындалды. Мұндағы мақсат – ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайту.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: