Қазақстандағы көпірлердің 90%-ы нормативтік талаптарға сай: қай жолдарда мәселе бар?
Қазақстанда автомобиль жолдарының бойында 3,8 мыңға жуық көпір бар. Оның 1 488-і республикалық маңызы бар тасжолдарда орналасқан. Бұл жолдардағы көпірлердің 90%-ы нормативтік талаптарға сай. Ал жергілікті жолдардағы жағдай бұдан күрделірек. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Пайдалануға беру басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаев 24KZ телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Маманның айтуынша, көпірлерді жөндеу жұмыстары автомобиль жолдарын қайта жаңарту және күрделі жөндеу жобаларымен қатар жүргізіледі. Алайда нормативтік талаптарға сай келмейтін көпірлерді жөндеу үшін жолдың толық жаңаруын күтудің қажеті жоқ. Республикалық жолдардағы көпірлерге «ҚазАвтоЖол» компаниясы, ал жергілікті жолдарға әкімдіктер жауапты.
Бүгінгі күні республикалық маңызы бар көпірлердің 90 пайызы нормативтік жағдайда. Ал жергілікті жолдарда бұл көрсеткіш төмен. Сондықтан апатты жағдайлардың алдын алу үшін жөндеуді қажет ететін көпірлерге жеке көңіл бөлуіміз керек, – деді Ғабит Шымырбаев.
Жол сапасын арттыру үшін мердігер компаниялардың жауапкершілігі де күшейтіліп жатыр. Қазір кейбір жобаларда мердігер жолды жобалаудан бастап, құрылысын жүргізуге дейін өзі атқарады. Бұдан бөлек, нысанды пайдалануға бергеннен кейін де белгілі бір мерзім бойы күтіп ұстауға міндетті.
Күрделі жөндеуден кейінгі кепілдік мерзімі 15 жылға дейін жетеді. Ал орташа жөндеуде бұл мерзім – 5 жыл. Мердігер компаниялар жолды сапалы салуға мүдделі болуы керек. Себебі бір-екі жылдан кейін бұзылса, оны қайта жөндеуге өздері жауап береді, – деді Ғабит Шымырбаев.
Ал ауылдар мен аудандар арасындағы жолдардың барлығына бірдей асфальт төсеу міндетті емес. Мұнда көлік қозғалысының қарқындылығы, елді мекендегі халық саны және өңірдің климаттық ерекшеліктері ескеріледі. Мәселен, тәулігіне шамамен 2 мың көлік жүретін жолдарға асфальт жабындысы қажет. Ал қозғалысы аз аумақтарда алдымен жолдың негізгі қабатын жөндеп, кейін қажеттілік туындаса, асфальт төсеуге болады.
Егер жолда көлік қозғалысы аз болса, алдымен оның негізгі қабатын жөндеп, асфальтсыз қалдыруға болады. Ал кейін қозғалыс қарқындылығы артса, төменгі қабатын қайта бұзбай-ақ, үстіне асфальт төсеу мүмкіндігі бар. Бірақ мұндай шешімді барлық өңірге бірдей қолдануға болмайды. Әр жолдың жағдайын, климатын және қозғалыс көлемін жеке қарау қажет, – деді басқарма басшысы.