«ҚазАвтоЖол» ақылы жолдардың рейтингін жариялады

@qazavtojol

Қазақстанда биылғы қаңтар-қазан айларында ақылы жолдармен көліктер 68,3 миллион рет жүріп өткен, ал көш басында 10,8 миллионнан астам көрсеткішпен Алматы – Қонаев тасжолы тұр, деп хабарлайды «24KZ».

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ таратқан мәліметтерге сәйкес, жалпы өтулердің жартысына жуығы, яғни 33,5 миллионы немесе 49,1 пайызы ең көп пайдаланылған бес бағытқа тиесілі болып отыр. Бұл ретте рейтингтің алғашқы бестігіне Алматы – Қонаев (10 834 980), Шымкент – Өзбекстан шекарасы (8 033 519), Шымкент – Тараз (5 652 809), Тараз – Қайнар (4 964 599) және Шымкент – Қызылорда (4 061 676) бағыттары енді.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде көлік қозғалысының өте қарқынды екенін айқын көрсетеді, өйткені аталған жолдар ірі қалалар мен халықаралық дәліздерді өзара байланыстырады.

 Сонымен қатар орталық пен солтүстік аймақтардағы Астана – Теміртау (3,7 млн-ға жуық), Астана – Щучинск (3,4 млн) және Қонаев – Талдықорған (3,2 млн) бағыттары да белсенді пайдаланылатын жолдардың қатарында. Жалпы алғашқы он ақылы жолға 48,8 миллион өту тиесілі болып, бұл он айдағы жалпы көрсеткіштің 71,5 пайызын құрап отыр, ал бұл тізімдегі сандар көліктердің жалпы санын емес, олардың ақылы жолдармен қанша рет жүріп өткенін білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз: