Ақмола облысында ауа райы құбылып тұр
Кеше түнде өңірде қар жауып, соңы көктайғаққа ұласқан. Салдарынан үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тапты. Қазір жергілікті тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Кешелі бері өңірде күн райы күрт құбылып, халықты әбігерге салып жатыр. Әсіресе республикалық тас жолдардағы жағдай қиындаған. Тәртіп сақшыларында да тыным жоқ. Олар жазғы дөңгелекпен жолға шыққандарға ескерту жасап, барлығын кері қайтарған.
Ержан Қошқарбаев, ПД басқармасының бастығы:
– Кеше түнде республикалық тас жолға жазғы дөңгелекпен шыққан 744 автокөлік иесі кері қайтарылды. Сондай-ақ "Щучинск-Астана" бағытындағы жолда жылдамдық сағатына 140 шақырымнан 80 шақырымға дейін шектелді. Қазір барлық жолдарды қатаң бақылауға алып, жұмысты жалғастырып жатырмыз.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Синоптиктердің сөзінше, жол жүруге қолайсыз ауа райы алдағы күндері сақталады. Сондықтан мамандар жүргізушілерге алыс жолға сапар шекпеуге кеңес береді.
Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» РМК филиалының директоры:
– Әзірге облыс бойынша қар қатаң жатпайды. Сондықтан біз күтіп отырғанымыз, ертеңнен бастап қатты жел, боран болып, көктайғақ болады деген болжамымыз бар.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Қазір аймақтағы жолдарға 86 блок-бекет қойылған. Онда тәртіп сақшыларымен қатар, құтқарушылар да тәулік бойы кезекшілік етіп жатыр. Әзірге өңірдегі барлық тас жолдар ашық. «Егер жағдай қиындаса, онда көлік қозғалысына шектеу қойылады», – дейді мамандар.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный