Қарақұйрықты заңсыз аулағаны үшін 6 жылға дейін жаза қарастырылған
Қарақұйрық – Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарын мекендейтін, Қызыл кітапқа енген сирек жануар. Оны заңсыз аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қарақұйрық жіңішке аяқтарымен, қырағы көзімен және шапшаң қимылымен ерекшеленеді. Ол шөлдің қатал жағдайына бейімделген. Жылдамдығы мен қырағылығы жануарға қауіптен қорғануға мүмкіндік береді.
Қазақстанда қарақұйрық мемлекет қорғауында. ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларға қатысты заңсыз аңшылық үшін 6 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ мүлікті тәркілеу қарастырылған.
Сирек кездесетін жануарларды қорғау – Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.