Алматыда келесі жылы SkyTrain құрылысы басталады

2030 жылға қарай Алматыдағы қоғамдық көлік бағыттары тағы 60 шақырымға ұзарады. Халық саны жыл санап өскендіктен, әкімдік осындай шешім қабылдаған, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа маршруттардың басым бөлігінде SkyTrain монорельсті көлігі жүреді. Ол мегаполистің шығысы мен батысын байланыстырады. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланған.

Ернұр Рысбай, тілші:

– Райымбек даңғылымен өтетін SkyTrain жобасындағы қос желінің жалпы ұзындығы – 46 шақырымнан асады. Пойыздар арнайы 8-14 метрлік эстакадамен жүреді. Сондықтан желіге кептеліс пен бағдаршам кедергі емес.

Жаңа қоғамдық көлік екі бағытта қатынайды. Бірі Райымбек даңғылымен жүрсе, екіншісі Әл-Фараби даңғылын бойлайды. Қос желі шаһардың «Шығыс қақпасында» тоғысады. Жол бойында жалпы 27 бекет болады.

Асан Бостанов, қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Жоспар бойынша алғашқы желі әуежайдан басталып, Райымбек даңғылы арқылы Алтын Орда базарына дейін барады. Қазір жобаны жан-жақты зерттеп жатырмыз. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарда бар.

Жоба жолаушылардың қала ішінде жүріп-тұруын жеңілдетеді. Әсіресе таңертеңгі кептелісте жүйкесі жұқарып, уақыты жолда өтетін алматылықтар үлкен үміт артып отыр. Бір пойыз 500-ге жуық адамды тасымалдай алады.

Ерасыл Ермек, Алматы қаласының тұрғыны:

– Менің ойымша, Райымбек көшесінде SkyTrain-ді құрған өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені қазір осы Емцова көшесінде болатын кептелістер өте ыңғайсыз. Өте ұзаққа созылатын жағдайлар болғаннан кейін, +++00/22 бұның бізге тиер әсері өте үлкен деп ойлаймын.

Жеңісбек Жаңабайұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

– Жермен керек емес. Әуемен көтеріп қойып, төбемен жүретін болса, күшті болатын сияқты. Ташкентскийдің мына басынан, арғы басына салынса екен. Ары кетсе 15 минут шығар. Қазір мына жерден Саяхатқа дейін көлікпен бір сағат жүресің.

Былтыр Райымбек даңғылында BRT құрылысы басталған еді. Бірақ осы бағытпен SkyTrain де өтетін болғандықтан, жұмыс уақытша тоқтады. Бұған дейін салынған автобус жолағы жол шетіне көшіріледі. «Бұл бюджет ақшасын үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді әкімдік қызметкерлері. BRT-ның құрылысы SkyTrain жобасы іске асқан соң, 2030 жылы жалғасады.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев

Сондай-ақ оқыңыз: