Жүргізуші куәлігін заңсыз алуға тосқауыл күшейтілді
Енді емтихан кезінде жасырын құрылғы қолданғандарды жасанды интеллект анықтайды. Мұндай заң бұзғандар бір жыл бойы теориялық емтихан тапсыра алмайды. Бұл шара жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Биылғы тоғыз айда жол ережесін бұзудың 12 миллионға жуық дерегі тіркеліп, жол апаттарынан 1400-ден астам адам қаза тапқан, деп хабарлайды 24KZ.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ, десек те заңды белшеден басқандар тыйылмай тұр. Алаяқтық әрекеттің бірі таяуда елордада әшкере болды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бірқатар қызметкері делдалдармен сыбайласып, 74 адамға жүргізуші куәлігін заңсыз алып берген. Қазір тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.
Динара Тукеева, Астана қалалық прокуратурасының ресми өкілі:
- 6 адамға қатысты күзетпен ұстау, 3 адамға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, 1 адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. Заңсыз алынған 74 жүргізуші куәлігінің күші жойылды.
Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу тәртібіне өзгеріс енгізді. Бұған дейін теориялық емтиханнан үш рет өте алмаған азамат автомектепке қайта баруы керек еді. Енді төртінші рет емтиханды 10 күннен кейін тапсыра алады. Ол үшін мемлекеттік бажды төлеу жеткілікті. Бір жыл күтудің қажеті жоқ.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:
- Бұрын әрине, автомектепті дұрыс оқымаған адам немесе ден қойып, мән беріп ешқандай білімді алмаған адам басқа да оңай жолдарды іздеп кететін. Иә, яғни осы жолдардың, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірінші кезекте жүргізушілерге, үміткерлерге осындай қосымша мүмкіндік беріліп отыр.
Іс жүзінде 2, 3 ай автомектепте тыңғылықты дайындалған адам көбіне емтиханнан сәтті өтеді. Ақтоты Боранова осыны атап өтті. Жүргізуші атану – аса жауапты іс. Тек көлік жүргізудің қыр-сырын үйренбей жатып, рульге отыруға асығатындардан қауіп көп. Тәжірибелі жүргізуші Ахметхан Алпысбаев жол салғырттықты кешірмейтінін еске салды.
Ахметхан Алпысбаев, ардагер:
- Рульге отырып қалай болса, солай жүріп соның салдарынан қаншама жол апаты болып жатыр. Бүкіл Қазақстан біледі, Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы апаттар әсіресе мегаполистерде өте көп болып жатыр. Жүргізуші куәлігі деген ол жай қағаз емес. Ол тек өз басы ғана емес, көлігінде отырған адамдарға, жолаушыларға, бала-шағасы болсын, туған-туысы болсын солардың өміріне жауапты.
Заңгерлер жуырда тағы бір норманы күшейтуді құптап отыр. Енді емтихан тапсырушылар қандай да бір жасырын гаджет, техникалық құрал қолданса, сынақ бірден тоқтатылады. Үміткер тек 1 жылдан соң ғана теориялық білімін қайта дәлелдей алады.
Григорий Громов, адвокат:
- Егер адам емтихан кезінде техникалық құрылғыларды пайдаланғаны анықталса, емтихан бірден тоқтатылады. Бұл жөнінде тиісті акт жасалып, ондай адам 12 ай бойы емтихан тапсыру құқығынан айырылады. Бұл процесті жасанды интеллект бақылайды. Шамамен алты бейнекамера адамның ым-ишарасын, қимыл-қозғалысын және әрекеттерін қадағалап отырады. Яғни жүйені алдау мүмкін болмайды.
Биыл елде 25 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл ережені елемеушілердің көптігін аңғартады. Тіпті мас күйде көлік айдағаны үшін 18 мыңы әкімшілік қамауға алынған. Бұл деректі Ішкі істер вице-министрі қыркүйекте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Сосын қарсы жолаққа шығып кету жағдайлары басым. Тәртіп сақшылары 9 айдың өзінде тас жолдарда ереже бұзудың 12 млн-ға жуық фактісін анықтады. Жол-көлік апаттарынан 1400-ден аса адам мерт болды.
Куәліктен айыру – 25 000
Мас күйде көлік жүргізгені үшін:
Әкімшілік қамақ – 18 000
2026 ж. 9 ай
Ереже бұзу дерегі – 11,9 млн
Апаттан мерт болды – 1432 адам