Ауылдағы кадр тапшылығын шешу үшін агросыныптар ұсынылды
Ауыл-аймақтарда кадр тапшылығы – өзекті мәселе. Бұл түйткілді шешуге бағытталған бастама Қазақстан Халық Кеңесінің жұмыс тобы отырысында талқыланды. Қатысушылар агросыныптар құру арқылы маман жетіспеушілігінің алдын алуға болатынын айтады. Әзірге пилоттық жоба еліміздің үш өңірінде іске асып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Ал агросынып бастамасы балалардың мектеп қабырғасынан кәсіби бағдар алып, еңбек нарығына қажет дағдыларды меңгеріп шығуына сеп. «Осы себепті аграрлық білім беруді заңнамалық тұрғыда бекіту қажет», – дейді жұмыс тобы өкілдері. Жиында ауылдық жерлердегі көші-қонды тежеу бойынша да бірқатар ұсыныс айтылды. Инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек адамына лайықты жағдай жасау ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.
Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары:
– Біз тек өз тәжірибемізді ғана емес, шетелдік тәжірибені де зерделеп, оны ұлттық болмысымыз бен ерекшеліктерімізге бейімдей отырып, заңнамалық тұрғыдан бекіту мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл – бір күндік кездесумен шектелетін мәселе емес. Алдағы уақытта оны жан-жақты әрі егжей-тегжейлі пысықтаймыз. Бұл – терең зерделеуді қажет ететін маңызды тақырып. ҚХК – аталған мәселені одан әрі қарастырып, заңнамалық бастама ретінде ұсына алатын маңызды конституциялық орган.