Жас ғалым күн мен көмірден таза қуат өндірмек
Қара түтіннен құтылатын күн жақын. Жас ғалым Айжан Өмірбаева көмір жақпай-ақ таза энергия тұтынуға болады деп сенеді. Ол ауаны ластамайтын баламалы қуат көзін өндіру жолдарын зерттеп жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы, отандық ғылымға түбегейлі бетбұрыс жасалғанын айтады.
Айжан Өмірбаева – Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс докторанты. Жылу энергетикасы мамандығы бойынша сабақ берумен қатар, синтезделген газ өндірудің жолдарын зерттеп жүр. Көмір жағып, қара түтінге оранатын өңірлерде экология мәселесін шешумен қатар, баламалы энергия өндірісін жолға қоюға болатынын айтады.
Айжан Өмірбаева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жылу энергетикасы мамандығының Phd докторанты:
- Бұл жерде менің көрсетіп отырған бастамам – жылуды біз тікелей жақпаймыз, яғни күннің энергиясын аламыз да, ал көмірден жақпай, сол күннің энергиясы нәтижесінде күннен су буын алып және оны әрі қарай көмірден синтез газ алынады. Ол синтез газды табиғи газ сияқты станцияда жағып, әрі қарай таза энергия алуға болады. Яғни бұл шығарындылар, сол шығарындыларды төмендетуге әкеледі.
Айжанның ғылыми жетекшісі Михаил Жұмағұлов: «Жобаны отандық энергетика өндірісіне толыққанды енгізуге болады», - дейді.
Михаил Жұмағұлов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры, Phd докторы:
– Бұл – расымен іске асатын идея. Қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қажет құрылғыны құрастырып, сынақтан өткіздік. Биыл жазда аптап ыстық шарықтау шегіне жеткенде арнайы сынақ тәжірибесін жүргізген едік. Содан алынған нәтижелерді өңдеп жатырмыз. Зерттеу қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми басылымдарда мақала шығару жоспарда бар.
Былтыр Айжан Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ұтып алған. Қолдау қаржыны ол зерттеу сынағына қажет құрылғыны құрастыруға жұмсапты. Сынақ қорытындысы бойынша жазылған мақалалары Scopus және Web of Science сияқты беделді басылымдарда жарияланып, тіпті өнертабысына патент берілген.
Айжан Өмірбаева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жылу энергетикасы мамандығының Phd докторанты:
– Бізде Ғылым және жоғары білім министрлігі бар. Ол министрліктен бізде постдокторантура және ғылыми тағылымдамалар шетелге, сонымен қатар «Жас ғалым» сияқты үлкен жобаларға мүмкіндік бар. Ол гранттық нәтижесінде үлкен қаржы бөлініп, сіздің ғылыми идеяңызды жүзеге асыруға өте мүмкіндік береді. Әрине, бұл – үлкен мотивация, біз үшін үлкен қолдау.
Айжанның мақсаты асқақ. Әрі қарай постдокторантураға түсіп, зерттеуін жалғастырмақ ниетте. Жобасының ғылыми бастама деңгейінде қалмай, толыққанды өндірістік жобаға айналғанын қалайды. Және бұған тиісті қолдау табыларына кәміл сенімді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Абдулхамит Бөлекбаев