Көлік арқылы алаяқтық жасағандар ұсталды
Автокөліктерге қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Ішкі Істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған тұлғалардың атына көліктерді кепілге рәсімдеген.
Кейін оларды ел аумағынан шығарып, қайта сатқан. Осындай жолмен 56 автокөлік шетелге шығарылғаны мәлім. Қазір көліктерді іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы:
- Қылмыстық топты ұстау мақсатында Ішкі Істер министрлігімен еліміздің 10 өңірінде жедел іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде 48 адам ұсталып, полицияға жеткізілді. Оның ішінде 6 күдікті ұйымдастырушы ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.