Ақтөбеде дәмханада болған жарылыстан екі адам зардап шекті
Олар Жедел жәрдеммен қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер: «Жарақат алғандардың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ», - дейді. 19 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Ал 36 жастағы әйел адам жарақат бөліміне жатқызылды.
Бүгін «Алтын Орда» шағын ауданындағы дәмханалардың бірінде жарылыс болған еді. Салдарынан көпқабатты үйге жапсарлас салынған ғимарат опырылып түскен. Кейін өрт шыққан. Қазір оқыс оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодектің 292-бабының 2-бөлігімен іс қозғалды.
Данарбек Иманғазин, қалалық ТЖБ бастығы
- Сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар сараптамалар тағайындалады. Нақты себебі содан кейін белгілі болады. Бұл жерде газ баллоны жоқ. Табиғи газды тұтынған. Шамасы, газ жиналып қалған болуы мүмкін.