Жолдау-2026: Ақмолада ет кластері құрылып жатыр

Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне негізделген ет кластері құрылып жатыр. Жоба мал өсіруден бастап, оны бордақылау мен етті терең өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Президент Жолдауында осындай жобаларды қолдап, қаржыландыру қажеттілігі айтылған болатын.

Зеренді ауданындағы ет комбинаты сиыр, жылқы және қой етін өңдеумен айналысады. Кәсіпорын ай сайын 150 тоннадан астам өнімді нарыққа шығарады. Жергілікті ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында шикізат негізінен өңірдегі фермерлер мен іргелес ауыл тұрғындарынан сатып алынады.

Ирина Дискант, «МВ 4» Айдабол ет комбинатының технолог-басқарушысы:

- Кәсіпорын күніне 30 бастан астам мал соя алады. Мал тиісті құжаттары мен ветеринарлық анықтамалары болған жағдайда ғана қабылданады. Кәсіпорынға жеткізілген мал бірнеше технологиялық кезеңнен өтеді. Алдымен ет салқындатылады. Температура 0 градусқа жеткеннен кейін ғана өнімді сауда орындарына жөнелтеміз. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерді етпен қамтамасыз ету бағытында да жұмыс істейміз.

Кәсіпорын 500-ден астам мемлекеттік мекемеге ет өнімдерін жеткізеді. Сонымен қатар фирмалық дүкендерде де қолжетімді бағамен сатылады. Бұдан бөлек, мұнда шұжықтың бірнеше түрі өндіріледі.

Алексей Павицкий, «МВ 4» Айдабол ет комбинатының технологы:

- Қазір біз шұжықтың алты түрін шығарамыз. Оның ішінде пісірілген және ысталған түрлері бар. Аптасына шамамен 800 келі дайын өнім өндіреміз. Көлемі аса көп емес, бірақ ең алдымен сапаға мән береміз.

Қазір өңірде ет өңдейтін 23 кәсіпорын бар. Жыл басынан бері 180 мың тоннаға жуық ет және 80 мың тонна ет өнімі өндірілген. Алдағы уақытта толыққанды ет кластерін қалыптастыру үшін бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны - 400 млрд теңге.

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Біздегі облыстағы негізгі алға қойып отырған мақсатымыздың бірі – бұл тек қана малды көбейту әрі қарай өсіру емес, біз фермерлік шаруашылықтарды осы алған төлдерді арықарай көбейту арқылы көздеп отырмыз. Жалпы осы ет кластері аясында сиымдылығы жүз елу мың бастық мал бордақылау алаңдары салынатын болады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста 2031 жылға қарай сиыр етін өндіру көлемін 7 есеге арттыру жоспарланған. Бұл мақсатта қажетті жем-шөп қоры әзірленді. Қазір өңірде жылына 600 мың тонна өнім өндіретін тоғыз құрама жем зауыты жұмыс істейді.

Авторы: Аснурия Абдулла, Евгений Шинкаренко  

Сондай-ақ оқыңыз: