Алматыда қант диабеті бойынша халықаралық конференция өтті

Қант диабеті әлем ғалымдарын алаңдатып отыр. Қазақстандық дәрігерлер де: «профилактикаға мән беру керек», - дейді. Өйткені бір жылда елде сусамырға шалдыққандар саны 45 мың адамға артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Ал жалпы саны жарты миллионнан асады. Алматыда Дүниежүзілік қант диабеті күні қарсаңында халықаралық конференция өтіп, мамандар дерттің алдын алу жолдары мен жаңа емдік әдістерді талқылады.

Бұл дерт қан құрамында қанттың көбейіп кетуінен пайда болады. Яғни адам ағзасында инсулин гормоны дұрыс бөлінбейді. Соның салдарынан бірінші типті диабетке шалдығады. Дегенмен диабеттің екінші типі көп кездеседі. Бұл кезде инсулин бөлінеді, бірақ оны ағза қабылдамайды. «Осының барлығы семіздік пен қимыл-қозғалыстың аздығынан», – дейді ғалымдар.

Жангентхан Абылайұлы, медицина ғылымдарының докторы:

– Қант диабетінің негізгі емі бұл – диета. Әр адам өзінің күнделікті өмірінде саналы да, сапалы тамақ ішуі керек. Екіншіден, артық салмағын күнделікті бақылап, артық салмақпен күресуіміз керек.

Жиынға Қазақстан, Жапония және Беларусь ғалымдары қатысты. Олар екінші типті диабетке арналған жаңа буын дәрілерін талқылады. Бұл дертпен күресте фармацевтердің де еңбегі ерекше.

Яда Тошихико, конференцияға қатысушы, /Жапония/:

– Бұл препараттар қандағы қант деңгейін айтарлықтай төмендетіп, дене салмағын азайтуға мүмкіндік береді. Соңғы зерттеулер бұл препараттардың тиімділігі тек қант диабеті мен семіздікті емдеумен шектелмейтінін көрсетіп отыр. Яғни олардың басқа да ауруларға оң әсері бар екені анықталуда.

Жаңа технологиялар дамыған сайын ағзадағы қант мөлшерін бақылау жеңілдеді. Мәселен, Сингапурда бұл үшін жасанды интелекті қолданылады. Яғни науқасқа микрочип енгізіледі. Ол әр бес минут сайын қант деңгейін өлшеп отырады. Елімізде бұл бағытта «Цифрлық диабет» бағдарламасы әзірленуде.

Жанай Ақанов, Азия қант диабетін зерттеу қауымдастығының сарапшысы:

– Қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, «Цифрлық диабет» жүйесі жасалып жатыр. Оған науқас туралы ақпарат енгізіледі. Жүйе мемлекет ұсынған дәріні беруден бастап, ауруды асқындырмауға көмектеседі.

Қант диабетімен ауыратындардың дені – 20 мен 79 жас аралығындағы азаматтар. Дәрігерлердің айтуынша, алғашында сусамырдың белгілері білінбеуі мүмкін. Асқынса жүрек, бүйрек пен көзді құртады. Сондықтан анда-санда эндокринологқа көрініп тұрған абзал.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: