Жаңаөзенде аурухана ғимараты жаңғыртылады
Жаңаөзендегі жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеу жыл соңына дейін аяқталады. Қазір жұмыстың 85 пайызы бітіп тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Жоба аясында 65 орындық аурухана заманауи технологиялық құралдармен жабдықталады. Өңірге жұмыс сапарымен келген Құрылтай депутаттары құрылыс барысымен танысып, дәрігерлермен жүздесті. Жиында Президент Жолдауында айтылған медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, кадр тапшылығы және медициналық қызмет сапасын арттыру мәселесі талқыланды. Қазір Жаңаөзен көпбейінді ауруханасында 17 дәрігердің орны бос тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Марат Эдельханов, Жаңаөзен көпбейінді ауруханасының директоры:
– Өзіңіз білесіз, инфекциялық аурухана – ауруханалардың ішіндегі ең басым бағыттағы мекеме. Себебі қазір ЖРВИ маусымы өршіп тұр. Дегенмен, жаңа ғимаратымыз бокс жүйесімен жабдықталған болса, науқастар емделіп қана қоймай, қайтадан ауруханаға түспес еді. Бұйырса, 2027 жылға дейін құрылыс компаниясы мен мердігер мекемелер құжаттарын толық тапсыруы керек.
Абат Өрісбаев, Құрылтай депутаты:
– Инфрақұрылымдық жағдай жасалса, әрі қарай сапалы медициналық қызмет көрсетуге болады. Шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі – өңірімізде көпбейінді аурухана салу. Мемлекет басшысының қолдауымен мұндай аурухана Маңғыстауда бой көтереді. Себебі қазір халық санының өсу қарқыны, демографиялық көрсеткіш өте жоғары.