ШҚО-да кибералаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері кибералаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді. Интернет-алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар 2,5 млрд теңгеден астам қаражатынан айырылған. Алаяқтардың құрбаны тек зейнеткерлер емес, еңбекке қабілетті азаматтар да болып отыр. Егде жастағы адамдардың үлесі бестен біріне де жетпейді. Мамандар мұны аға буын өкілдерінің цифрлық сауаттылығы артып, тіпті жасанды интеллект көмегімен жасалған алаяқтық тәсілдерді де ажырата білуімен байланыстырады. Сонымен бүгінде өңір тұрғындары алаяқтардың қандай айла-тәсілдеріне жиі алданып жүр? Жоғалған ақшаны қайтару мүмкін бе? Қарт адамдар киберқауіптен қалай қорғануда? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Кибералаяқтар айла-тәсілдерін үнемі өзгертіп отырады. Бүгінде олар тек банк қызметкері болып қоңырау шалумен шектелмейді. Әлеуметтік желілерде жалған дүкендер ашып, сенімге кіру үшін тіпті бейне есеп те дайындайды. Жақында Өскемен тұрғыны Евгенийдің әкесі осындай алаяқтардың арбауына түсті. Зейнеткер интернеттен бағасы тиімді тауарға тапсырыс бермек болған. Сатушы оған тауардың бейнежазбасын жіберіп, банк қосымшасы арқылы төлем шотын ұсынады. Ақша аударылған соң, оған қайта қоңырау шалып, операция кезінде ақау болғанын айтып, төлемді тағы бір рет жасауды сұрайды. Сөйтіп, отбасы санаулы минуттың ішінде бір млн теңгеден астам ақшасынан айырылған.

Киберполиция қызметкерлері осы қаражаттың жартысын жедел бұғаттап, отбасыға қайтаруға көмектесті. Ал екінші аударым бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Жалпы жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам дерек тіркелген. Қаскөйлер фишингтік сілтемелер, жалған сайттар, жалған инвестициялық жобалар мен банк немесе құқық қорғау органдарының атынан шалынатын қоңырауларды пайдаланады. Бір назар аударарлығы, жәбірленушілердің жартысынан астамы жұмыс істейтін азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ал зейнеткерлердің үлесі небәрі 19 пайыз.

Қанат Ахметсафин, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:

– Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралардың нәтижесінде осындай 86 қылмыс ашылды. Жәбірленушілерге 36 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұдан бөлек, қолданыстағы «Антифрод» жүйесі арқылы зардап шеккен тұрғындардың 120 млн теңгесін бұғаттауға мүмкіндік туды. Қазір бұл қаражатқа қатысты тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Өңірде ұрланған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өз банк карталарын пайдалануға беретін дропперлермен де күрес күшейген. Жыл басынан бері 24 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оларға 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы белгіленеді. Ал өскемендік зейнеткерлер алаяқтарға алданбаудың жолын өздері үйреніп жүр. Оралхан Бөкей атындағы кітапхана жанында егде жастағы адамдарға цифрлық қауіпсіздік негіздері үйретіле бастады. Олар күмәнді қоңырауларды, жалған сілтемелерді, тіпті жасанды зерде арқылы жасалған дауыстарды ажыратуды меңгеріп жатыр.

Галина Фёдорова, Өскемен қаласының тұрғыны:

– Біз қазір дауысынан, айтқан сөздерінен оның адам емес, жасанды интеллект екенін аңғарамыз. Өйткені ол мүлде басқаша сөйлейді. Сөз саптауы да өзгеше. Бізге осының бәрін үйретті. Біздің клубта жүзге жуық адам бар. Әзірге ешқайсымыз алаяқтарға алданған жоқпыз.

Азаматтарды алаяқтардың арбауына түсіп, несиеге батып кетуден қорғайтын тағы бір мүмкіндік бар. Ол – eGov порталы арқылы несие алудан ерікті түрде бас тарту қызметі. Шығыс Қазақстан облысында мұндай цифрлық қорғанысты 1,5 мыңнан астам адам рәсімдеген.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Жігер Бабақанов

Сондай-ақ оқыңыз: