Елдегі көлік жуу орындарының 17% ғана суды үнемдейді
Енді бұл үрдіс қарқын алуға тиіс. Жауаптылар Су кодексіне тиісті түзету әзірлеп жатыр. Елордадағы көлік жуу орталықтарында ахуал қандай? Кәсіп иелері қаншалықты үнемшіл? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Рухани Әбдірахман, тілші:
– Елде үш мыңға жуық көлік жуатын орын бар, оның тек 500-і су үнемдеу технологиясына көшкен. Біз келген мына орында да техникалық су пайдаланылады. Яғни суды тазалап, қайта қолдану арқылы тұтыну көлемін екі есе азайтып отыр.
Бұл орталыққа күніне орта есеппен 70-тен 130 көлікке дейін келеді. «Маусым қызғанда кезек одан да көбейеді», – дейді кешен иесі.
Жандос Шаханов, көлік жуу орталығының иесі:
- Бұл – суды тазарту технологиясы. Әр көлікке күніне шамамен 200 литр су жұмсаймыз. Пайдаланылған су кәріз жүйесіне ағызылғаннан кейін осы тазарту жүйесі арқылы қайта өңделеді. Соның арқасында суды қайта пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл біріншіден, қаржылық шығынды азайтса, екіншіден, су ресурстарын үнемдеуге көмектеседі. Болашақта мұндай жүйені басқа да көлік жуу орталықтарына орнату жоспарланып отыр. Бұл – Үкіметтің талабы. Сала мамандары судың күнделікті шығынын есептеп, оны үнемдеуден түсетін пайданы да саралады. Мәселен, коммуналдық секторда жылына 260 млн текше метр суды үнемдеуге болады. Ол үшін суды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды кеңінен енгізу қажет. Осы мақсатта әдістемелік ұсыным әзірленді.
Ермахан Полат, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ақпараттық-талдау орталығының жоба жетекшісі:
- Қазіргі таңда елімізде автокөлік жуу орындарында енгізіліп жатқан жабдықтардың барлығы осы су үнемдеу, жаңағы суды қайта айналмалы пайдалануға бағытталған. Яғни олар тазартылады, қолданылған суды тазартып қайта жұмсауға бағытталған болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық секторға 1,3 млрд текше метр су бөлінген. Яғни біз сол әдістемелік ұсынымдарды қолданатын болсақ, 260 млн текше метр су үнемдейміз. Бұл жалпы 20 пайызын құрайды.
Бүгінде елдегі жалпы су шығынының 10%-ы ауызсу тұтынушыларына тиесілі. Былтыр коммуналдық сектор 1,3 млрд текше метр су пайдаланыпты. Былтыр қабылданған Су кодексінде ауызсуды қайта пайдалану тетіктері көзделген. Енді құжат жаңа нормалармен толықтырылады. Өзгерістер іске асса, автокөлік жуу орындарының орталықтандырылған ауызсуды техникалық мақсатта пайдалануын шектейтін пәрменді шаралар іске асады.
Эльвира Сариева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саясаты департаментінің бас сарапшысы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілу мәселесі пысықталуда. Қазіргі уақытта Қазақстанның көптеген елді мекендерінде жаңағы арнайы құбырлардың, жаңағы техникалық суға арналған және ауыз суға арналған бөлек-бөлек құбырлардың болмауына байланысты қазіргі таңда көп өңірлерде тек қана ауыз суды пайдалануда.
Ғалым Исаков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Сумен жабдықтау және су бұру басқармасының басшысы:
– Қазіргі таңда талқыланып жатқан мәселелердің бірі – табиғи монополия субъектілеріне қатысты. Атап айтқанда, сумен жабдықтау мекемелері құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген кезде тиісті техникалық шарттар береді. Қазір сол техникалық шарттарға суды қайта пайдалану талабын міндетті түрде енгізу мәселесі талқыланып жатыр. «Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық». Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан ескертуі. Суды үнемдеу баршаға ортақ қағидаға айналуы шарт. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдіктерге бақылауды күшейту міндеті жүктелді.