Ақтөбе облысында мүгедектігі бар 967 адам жұмыспен қамтылды

Олар мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай, еңбекке араласқан. Денсаулық сақтау, білім беру салалары, коммуналдық мекемелер мен шағын бизнесте нәпақа тауып жүр. Кейбірі тіпті қайта даярлаудан өтіп, жаңа мамандық меңгерген.

Айнұр Қазиева бірнеше жыл бұрын бұлшықет ауруына шалдығып, төсек тартып қалған. Дер кезінде жасалған ем-домның арқасында беті бері қарайды. Бірақ ұстаздық қызметіне қайта оралғысы келмеді. Дәрігерлердің еңбегіне тәнті болып, 42 жасында жаңа мамандықты меңгеруге бел шешеді.

Айнұр Қазиева, облыстық көпбейінді аурухананың акушері:

- Жата-жата адам шаршап кетеді ғой. Ешкімге айтпай, медициналық колледжге грантқа тапсырып көрейінші деп Маметоваға құжатымды тапсырдым. Сүйтіп грантқа өтіп кеттім. Үш жыл оқып шықтым. Сабақтан қалған жоқпын. Осы ауруханада, ОПЦ-да практикадан өттім. Бұл мамандыққа келген себебім да жай емес. Әйелдерге көмектесу арқылы, жұмыс жасау арқылы өзімнің жан дүниемде тыныштық пайда болады.

Жігері жасымаған жандардың бірі – Айгүл Тымпаева. Үшінші топ мүгедегі әлеуметтік бағдарлама аясында екі қолға бір күрек тапқан.

Айгүл Тымпаева,  №27 мектеп-гимназияның педагог-ассистенті:

- Мансап орталығына барып, жұмыс сұрадым. Содан осы мектепке бөлінді. Сол мектеп ұжымы, директоры жақсы қарсы алды. Қазір осы балалармен жұмыс жасаудамын. Өзім бастауыш сынып мұғалімімін. Бірақ бүгінгі таңда инклюзив балалармен жұмыс жасаймын.

Гүлжан Хамзина, №27 мектеп-гимназиясының директоры:

- Айгүл апайға қасына берілген бала психологиялық тұрғыдан қиын болды. Инклюзия бойынша. Баламен тіл табысып, тілдесіп, жұмыс істеп, ЛФК кабинеті бар, инклюзия кабинеті бар көмек беретін, Айгүл апайымыз жақсы жұмыс істеп, өте жақсы нәтижеге жеткізді деп ойлаймын.

Айнұр Қазиева мен Айгүл Тымпаева арнайы квотамен жұмысқа орналасты. Жыл басынан мемлекеттік тапсырыс аясында мүгедектігі бар 84 тұрғын түрлі мекемеге қабылданды.  Жалпы 967 адам қоғамдық өмірге етене араласып, тұрақты табыс көзін тапты.

Әселім Бақтияр, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының маманы:

- Субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына 267 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде жастар тәжірибесіне – 38, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15, қоғамдық жұмысқа – 215, кәсіптік оқуға – 6, сонымен қатар электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқытуға – 128, «Бастау Бизнес» жобасына 196 адам қамтылды.

Сонымен қатар жұмыс берушілер мүгедектігі бар жанның жеке қажеттілігіне қарай арнайы жұмыс орнын ашуға міндетті. Биыл Ақтөбе қаласы мен Темір және Мұғалжар аудандарында осындай 3 мекеме іске қосылады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев

Сондай-ақ оқыңыз: