«Хабар» арнасында «Даму формуласы» бағдарламасының тұсаукесері өтті
Тұсаукесер! Елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзекті мәселелер енді «Даму формуласы» бағдарламасында сараланады. Түрлі көзқарастар тоғысып, сан алуан пікір ортаға салынатын жаңа телевизиялық подкаст форматындағы жобаны бүгіннен бастап әр дүйсенбі 23:00-де, «Хабар» арнасының эфирінен тамашалай аласыздар.
Бағдарламаның басты мақсаты – қоғамның тоқсан тарау, сан саласында болып жатқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді көрерменге түсінікті, жеңіл әрі қарапайым түрде жеткізу. Ток-шоудың алғашқы шығарылымы биылғы Президент Жолдауын талқылауға арналады. Мемлекет бизнесті бақылауда барынша либералды болуы керек. Президенттің Жолдауда шағын бизнесті тексеруге мораторий жариялауды ұсынуы – кәсіпкерлер үшін ақжолтай жаңалық. Студияға келген депутаттар бизнес иелерінің базынасын Құрылтай да назардан тыс қалдырмайды деп отыр.
Айдос Сарым, Құрылтай депутаты:
– Президент ең алдымен үлкен қоғамның жаңа сапасын қамтамасыз етуге деген бағыт алды. Оны тек үкімет жасай алмайды. Оны тек депутаттар жасай алмайды. Оған шын мәнінде көпшілік тартылу керек. Халық араласу керек.
Ерлан Сайыр, Құрылтай депутаты:
– Президенттің тапсырмасына сәйкес қазір бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған бұрынғы шектеулердің барлығы алынып тасталады. Жақын арада Парламентке жаңа заң жобасы енгізіледі. Алайда еліміздің одан әрі дамуы үшін Қазақстан жаппай материалдық құндылықтар өндіретін мемлекетке айналуы керек.