Түркістан облысында мың шақырымнан астам жол жаңғыртылып жатыр
Биыл Түркістан облысында мың шақырымнан астам жол жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыстарға облыстық және республикалық бюджеттен 36 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы да бірнеше ірі жоба жүзеге асады. Оның ішінде облыс орталығындағы айналма жолдың құрылысы бар. Президент өз жолдауында республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын жақсарту керектігін айтқан еді, деп хабарлайды 24KZ.
Түркістандағы «Бірлік» тұрғын алабындағы Наурызым көшесі жаңғыртылып жатыр. Бұл – көше туристерді Укаш ата кесенесіне апаратын негізгі жол. Ширек ғасырдан бері жөнделмеген ескі асфальт әбден тозған еді.
Мереке Ибашева, Түркістан қаласының тұрғыны:
– Наурыз көшесіне асфальт төселіп жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл көптен күткен жол десек те болады. Тек «Бірлік» елді мекеніне емес, мына жақта Коммуна, Жүйнек, Серт, Қарашық деген 5-6 елді мекен бар. Сол елді мекеннің барлығы осы жолмен өтеді. Сол ауылдардың тұрғындарына, бәріне бір керемет жол болып отыр.
Наурызым көшесінің 2,6 шақырым учаскесі жөнделіп жатыр. Мердігер жолдың ескі жабындысын сылып тастап, енін кеңейтуде. Көше бойына су бұру арналары орнатылып, жаңа асфальт төселіп жатыр. Жауаптылар жөндеу жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады дейді.
Қуаныш Ахметов, «Ordabuilding Company» ЖШС жоба жетекшісі:
– Қазір біздің жұмысымыз 2 шақырымдық учаскеде толық бітті. Қазір қалып тұрғаны 600 метр. Оны осы 1-2 күнде бітіреміз. Яғни бірінші қабаты төселуде. Одан кейін Ұлттық сапа қорытындысы нәтижесінде екінші жабындысын, яғни ұсақ түйіршікті асфальтты төсеуді осы айдың аяғына дейін толық бітіреміз.
Түркістанда жалпы ұзындығы 845 шақырым 875 көше бар. Биыл қаланың әр ауданында ұзындығы 146 шақырым болатын жүзден астам көшеге асфальт төсеу жұмыстары басталды. Жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мамандар қаладағы жолдардың 62%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін айтады.
Ұлан Жамбылұлы, Қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
– Жалпы 143 көшеде жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Соның қазіргі таңда 48 көшесінде жөндеу жұмыстары басталды. Бұл нысандардың барлығы келесі жылға өтпелі. Яғни 2027 жылы аяқталатын болады.
Биыл Түркістан облысында жалпы ұзындығы мың шақырымнан асатын 193 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол инфрақұрылымын дамытуға 36 млрд теңге қаржы қаралды. Ірі жобалардың қатарында облыс орталығын Отырар ауданымен байланыстыратын «Түркістан–Шәуілдір» тас жолын қайта жаңарту жобасы да бар.
Мейрамбек Тәжіханов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының Автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2025 жылдың қорытындысымен 94,8 пайызды құраған. Біз биыл 96 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2027 жылға бізде 16 млрд теңгеге қазір сараптаманың оң қорытындысы алынды. Одан бөлек, 7,5 млрд теңгеге сараптамадан өтуде. Оның ішінде қайта құру, күрделі жөндеу және 25 көпірді күрделі жөндеуден өткіземіз облыста.
Келесі жылы аймақта туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделеді деп жоспарлануда. Олардың қатарында Түркістан қаласын айналып өтетін ұзындығы 30 шақырым болатын шығыс айналма жолы да бар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш