«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы талқыланды

Елдегі мектептерге буллинг пен зорлық-зомбылықты анықтауға бағытталған арнайы әдістемелер еніп жатыр. Алайда оқушының проблемасын нақтылау – істің жартысы ғана. Яғни қиындыққа тап болған баламен жұмыс істейтін психологтардың жүктемесі көп, ал жалақысы аз болса, мұндай әдістемелерден неғайбыл? Бүгін Құрылтайдағы Үкімет сағатында депутаттар балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы секілді бірқатар маңызды бағытты қамтитын тұжырымдаманы талқылады. Құжат қалай іске асып жатыр? Салдағы түйткілді Үкімет қалай шешуді көздейді?

Қазір елде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл халықтың үштен бір бөлігіне тиесілі. Кейінгі 10 жылда көрсеткіш 1,5 миллионға артты. Мұндай демографиялық өсімге сәйкес, мемлекеттік қолдау да жүйелене түсті. Биыл Үкімет алдағы 5 жылға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті. Президент пәрменіне сәйкес әзірленген құжатта балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғалу құқықтарын қамтитын 4 негізгі бағыт қарастырылған.

Динара Зәкиева, Құрылтай төрағасының орынбасары:

– Президент тапсырмасына сәйкес әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының қабылдануы – бала құқығын қорғау саласындағы маңызды шаралардың бірі болып отыр. Ол бірқатар салада балалардың мүддесі мен құқықтарын қорғайды. Құжат баланың бірыңғай цифрлық маршрутын енгізуді ғана емес, өмірлік қиын жағдайға түскендерге арналған 111 ұйымның 44-іне күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді де қамтиды.

Демографиялық өсімде мектептерге қажеттілік туындайтыны жасырын емес. Балалардың сапалы білім алуы үшін жыл соңына дейін 85, ал келер жылы 16 жаңа білім ордасын пайдалануға беру көзделді. Басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтереді. Ал қолданыстағылардың материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Президенттің биылғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 5 өңірде 21 білім беру инфрақұрылымдық нысанын салу қарастырылған. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жалғасуда. 2026 жылы 1688 заманауи пәндік кабинет сатып алынатын болады. 178 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде, оның 91-і ауыл мектебінде жүргізіліп жатқанын атап өткіміз келеді.

Қазір мектептерге буллинг пен зорлық-зомбылықты анықтайтын арнайы әдістемелер еніп жатыр. Заң мен тәртіп қағидаты аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Алайда ол оқушылар проблемасын толық нақтылап, оларды шешу үшін жеткіліксіз. Арнайы мамандардың маңызын айшықтайтын тұс – осы. Жүктеменің көптігі мен жалақының аздығын ескере отырып, жауапкершілікті жалғыз психологқа артып қоюға да болмайды. Жиында осылай деген депутаттар мәселенің шешу жолын қарастыру қажет, деді.

Асхат Аймағамбетов, Құрылтай депутаты:

– Психологтар мен әлеуметтік педагогтердің жалақысы төмен, ал жүктемесі артып келеді. Лайықты жалақы мен үстемақы болмаса, шалғай ауданға маман тарту өте қиын. Біз зорлық-зомбылықты, буллингті, суицидтік қауіпті анықтаудың әдістемелерін енгізіп жатырмыз. Бұл маңызды қадам. Бірақ мәселе анықталғаннан кейін, оны орындайтын маман болмаса не болмақ?

Оқу-ағарту министрі мәселенің барын жасырмады. Жұлдыз Сүлейменова түйткілдің түйіні біртіндеп шешіліп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, былтыр республика бойынша Бала құқығын қорғау басқармалары құрылды. Онда 200-ден астам маман жұмыс істейді. Ал мектептердегі педагог-психологтардың жүктемесіне сай, биылдан бастап жалақыларына үстемақы қосылған.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

–Дегенмен бұл проблема бар. Оны жасырмауымыз қажет. Бүгінгі таңда біз жетіспейтін психологтардың орнын толтыруға кәдімгідей жұмыс жасап жатырмыз. Бұдан бөлек, психологтарды жалақысы өте аз болды, кадрлар тұрақтамады. Биыл министрлік Үкіметтің қолдауымен мәселенің шешімін тапты. Қазір жеке қауіпсіздік деген арнайы пән жүргізіледі. Өйткені мектептегі психологтар жай емес, олар педагог-психологтар. Оларға қосымша сағат қарастырылды. Сондықтан оларға қосымша 60 мыңға жуық үстемақы қосылатын болды.

Бала қауіпсіздігі – кезек күттірмейтін мәселе. Олардың құқығын қорғау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Депутаттар Үкімет мүшелеріне осыны тағы бір еске салды.

Динара Зәкиева, Құрылтай төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұрады. Бұл – ел халқының үштен бірі. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау – ең маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне үлкен назар аударып келеді.

Қиын жағдайға тап болған әр бала өзін қорғайтын ортаның бар екенін сезініп, кәсіби көмекті дер кезінде алуға тиіс. Сол арқылы алаңсыз дамып, сапалы білімге қол жеткізуі маңызды. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының өзегі де осы.

Альмира Оразбай Мейрам Жүніс

Сондай-ақ оқыңыз: