Қазақстандық қос білім ордасы Түркі әлемі одағына қосылды

Қазақстан түркі елдерімен өнер мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Анкарада өткен Түркі әлемі өнер университеттері одағының 6-отырысында еліміздегі қос жоғары оқу орны ұйым құрамына ресми түрде қабылданды. Енді қазақстандық өнер ордалары бауырлас елдермен шығармашылық байланыстарын нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады. Алқалы жиында тағы қандай тың бастамалар көтерілді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен 2023 жылы құрылған Түркі әлемі өнер университеттері одағына 7 жоғары оқу орны мүше. Анкарада өткен одақтың 6-отырысында Қазақстан мен Әзербайжанның тағы 4 өнер ошағы мүшелікке өтіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл әріптестік ортақ мәдени мұраны сақтап, өнер мен білім саласындағы байланысты нығайтуды көздейді.

Бауырлас елдердің өнер ошағын біріктіретін ұйымның алғашқы отырысы Алматыда өткен. Бастапқы жылдары одаққа Қазақстан төрағалық етті. Кейін төрағалық тізгінін Анкара музыка және көркем өнер университеті қабылдады. Бүгінде ортақ мәдени мұраны дәріптейтін құрылымның ауқымы кеңейіп, ынтымақтастық академиялық һәм шығармашылық тұрғыда нығайып келеді.

Гүлчин Яхия Качар, Анкара музыка және көркемөнер университетінің ректоры:

–Жастарымызға «Орхун» бағдарламасы аясында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасаймыз. Олар бауырлас елдерге барып, білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін шыңдай алады. Бұл мүмкіндік тек студенттерге ғана емес, академиктер мен өнер қайраткерлеріне де беріледі. Сондай-ақ әріптестік тек музыка саласымен шектелмейді. Театр, әдебиет сияқты өнердің басқа да бағыттарын қамтуды көздеп отырмыз.

Одаққа мүше бауырлас елдердегі өнер университеттерінің өкілдері бас қосқан жиында түркі халықтарының дәстүрлі һәм заманауи өнерін дамытудан бастап шығармашылық кадр даярлау, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Ал ұйымға енді ғана қосылған қазақстандық білім ордалары көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік алды.

Айзада Бұлтбаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры:

– Білім беру бағдарламаларына, әрі қарай студенттердің, магистранттардың академиялық ұтқырлығына, шет мемлекеттеріне білім алып консерваторияның әрі қарай танылуына, шығармашылық байланыстарға, шығармашылық дамуға, концерттік болсын, білім бағдарламасы болсын жан-жақтан дамуға үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Раушан Нұртаза, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры:

– Бұл – тарихи оқиға. Себебі біз бірінші рет қол қойып жатырмыз. Бірінші рет сондай Одаққа кіріп жатырмыз. Жалпы университет әлемдік мынадай союздарға кіреді. Еуропалық немесе басқа елдерден. Бірақ түркі әлемі ол әрине, ерекше. Осы университетпен бізде меморандум көп жылдан бері бар. Бірақ жаңа Одаққа кіру бірінші рет орын алып тұр.

Жиын соңында Қазақстан мен Әзербайжанның төрт университеті одақ құрамына ресми түрде қосылды. Сондай-ақ түркі елдерінің өнер мен білім саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуды көздейтін Анкара декларациясы қабылданды.

Авторы: Ә.Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: