Шағын және микробизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі Құрылтайда қаралады

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Шағын және микробизнес өкілдерін тексеруге үш жылға дейін мораторий енгізу, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайту мәселесі Құрылтайда қаралады. Бұл туралы Құрылтай депутаттары Ерлан Сайыров пен Айдос Сарым, қоғам белсендісі әрі саясаттанушы Самат Нұртаза «Хабар» телеарнасындағы «Даму формуласы» бағдарламасының алғашқы шығарылымында айтты.

Бағдарламада кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелер, сондай-ақ оларды шешу жолдары талқыланды.

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, шағын және микробизнеске мораторий жариялау елдегі кәсіпкерлік мәдениетті дамытуға ықпал етеді. Оның сөзінше, бүгінде Қазақстандағы шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қалыптастырады. Алайда шағын кәсіпорындардың орта бизнес деңгейіне өтуі әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Кіші және микро бизнеске мораторий жариялау Қазақстандағы бизнес өркениетін әрі қарай дамытуға алып келеді. Біз салық реформасын жасаған кезде кәсіпкерлерді ынталандырудың орнына, оларды жазалауға көштік. Қазір осы бизнес өкілдері шағымданып отырған бұрынғы кедергілердің барлығын алып тастау мәселесі қаралып жатыр. Құрылтайға жаңа заң жобасы енеді, – деді Ерлан Сайыров.

Ал Құрылтай депутаты Айдос Сарым цифрлық технологиялардың дамуы салықтық бақылауды жеңілдеткенін атап өтті. Оның пікірінше, кәсіпкерлерді жаппай тексере бермей, заң бұзушылық белгілері анықталған жағдайда ғана бақылау шараларын жүргізу қажет.

Егер кәсіпкер заңды өрескел бұзып, табысын жасырып, салық төлеуден жалтарып жатса, онда тексеріңіз. Бұл – заңды. Бірақ шағын және орта кәсіпкерлерді зарлата бермеңіздерші, – деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, соңғы уақытта салықтық бақылаудың күшеюі кәсіпкерлерге қосымша салмақ түсірген. Мұндай жағдай бизнестің дамуына кері әсер етіп, азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуға деген ынтасын төмендетуі мүмкін.

Бағдарламаға қатысқан қоғам белсендісі Самат Нұртаза да отандық кәсіпкерлерді қолдау мәселесін көтерді. Ол жергілікті компанияларға ірі құрылыс және инфрақұрылым жобаларына қатысуға мүмкіндік беріп, өз азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуына басымдық беру қажет екенін айтты.

Менің ойымша, екі мәселе маңызды. Біріншісі – өз азаматтарымызды қолдау, екіншісі – Президент айтқан үш жылдық мораторий. Әр облыста жергілікті кәсіпкерлер өз өңірін өркендетуге үлес қосуы керек. Сонда сырттан келетін жұмыс күшіне тәуелділік те азаяды, – деді Самат Нұртаза.

Сондай-ақ ол шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, шағын және микробизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және кәсіпкерлерді тексеруге мораторий енгізу мәселесі Үкімет пен Құрылтай депутаттарының бірлескен талқылауына ұсынылады.