Әлеуметтік желідегі жасырын қауіп: балаларды қалай қорғауға болады?

Қазақстанда үш ай ішінде TikTok ережесін бұзғаны үшін 1,5 миллионнан аса бейнежазба өшірілді. Оған себеп – балағат сөздер, зорлық-зомбылыққа шақыру және әдепсіз іс-әрекет белгілерінің болуы, деп хабарлайды 24KZ.

Күн сайын көріп жүрген контенттердің артында осындай жасырын заң бұзушылықтар кездесуі мүмкін. Ал оны жасанды интеллект арқылы анықтайды.

Ернұр Рысбай, тілші:

- Сіз бен біз көретін контент кездейсоқ қалыптаспайды. Әлеуметтік желі алгоритмі адамға ненің қызық болатынын біледі. Ол үшін бір бейнежазбаны сәл ғана ұзақ көру жеткілікті. Одан кейін соған ұқсас контент алдыңыздан шыға береді.

Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылып тұрса жақсы. Дегенмен желіде баланың алдынан жағымсыз контент қайта-қайта шығып, санасын улауы әбден мүмкін.

Нұрзат Әбдіғали, Алматы қаласының тұрғыны:

– Ол 18 жастан балаларды телефон бейімдейді. Ал бірақ желілерінде олардың жасына көреге болмайтын тыйым салынған көп контенттер шығап жатады. Олардың алдын алу керек деп ойлаймын. Менің өзіме негізі шыққан, бірақ бірден «не интересно» деген батырманы басамын. Қазір менде мүлде шықпайды.

Әлеуметтік желіге жүктелген бейнежазба жайдан-жай өшірілмейді. Бұғатталған материалдардың басым бөлігінде ережеге қайшы әрекет бар. Әсіресе тыйым салынған қызметтерді жарнамалап, заңсыз саудамен күнелтетіндер көбейген.

Валдис Балодис-Болужс, TikTok қауіпсіздік тәуекелдерін басқару бөлімінің жетекшісі:

– Соңғы деректерге сәйкес өшірілген видеолардың 97,4%-ы жасанды интеллект арқылы автоматтандырылған жүйелердің көмегімен жойылды. Бұл – технологияларымыздың қаншалықты тиімді бола түскенін білдіретін рекордтық көрсеткіш. Осы арқылы пайдаланушылар ережеге сай емес контентті көрмей тұрып өшіруге болады.

Кейбір желі қолданушылары парақшамда жеке деректерім болмаса, кім екенімді ешкім білмейді деген пікірде. Дегенмен технологиялар қарыштап дамып жатыр. Полицияның ақпараттық қауіпсіздік қызметі контентке қатысты деректермен жұмыс істейді. Нәтижесінде күнделікті құқық бұзатын ондаған жағдайды анықтайды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:

– Көбінесе азаматтар ұсақ бұзақылық деректеріне жол беріп жатады. Балағат, былапыт сөздер айтып, бір-бірін жамандап, дөрекі сөйлеп жатады. Бұлардың барлығы ұсақ бұзақылық болып табылады. Соттың шешімімен кінәлі болып табылып, 20 АЕК мөлшеріндегі айыппұлға алып келіп соғуы мүмкін немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.

Біз айтып отырған бір ғана TikTok желісін әлемнің төрттен бір бөлігі пайдаланады. Сондықтан жеке деректерге сақ болған абзал. Себебі сізге қатысты ақпараттарды пайдаланып, арам пиғылын жүзеге асыратындар аз емес. Мамандар әсіресе балалардың әлеуметтік желідегі белсенділігін жиі тексеруге үндейді.

Темірлан Қуаныш, киберқауіпсіздік саласының сарапшысы:

– Жалған аккаунттар мен жасанды жолмен көбейген оқырман саны танымалдылық пен сенімділіктің бейнесін қалыптастырады. Парақшада мыңдаған лайк пен жазылушы болса, адамдар осынша адам жазылған болса, бәрі шынайы деп ойлауы мүмкін. Алаяқтық схемалар осыған негізделген. Жалған ұтыстар, өтірік интернет-дүкендер мен инвестициялық жобалар бар.

Ернұр Рысбай, тілші:

– Әлеуметтік желіден жасанды интеллект көмегімен дайындалған контенттерді жиі байқаймыз. Кейбірінің ақ-қарасын ажырату қиын. Сондықтан мамандар күмәнді бейнежазбаны таратпас бұрын, ресми дереккөздерден тексеруге кеңес береді.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Айбек Ақшолақов

Сондай-ақ оқыңыз: