Балаларды әлеуметтік желіден шектеу: қандай қауіптің алдын алады?

фото: ЖИ

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Егер тиісті заң қабылданса, бұрыннан тіркелген жасөспірімдердің аккаунттары да бұғатталуы мүмкін. Адвокат Ақмарал Палмаханованың айтуынша, мұндай бастама балаларды кибербуллингтен, интернет-алаяқтықтан және желіге тәуелділіктен қорғауға бағытталған. Бұл туралы ол 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Маманның пікірінше, жасөспірімнің дүниетанымы мен мінез-құлқы қалыптасатын кезеңде әлеуметтік желідегі ақпарат оның психологиялық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан жас шектеуі балалардың құқығын шектеу емес, оларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау шарасы ретінде қарастырылуы керек.

Әлеуметтік желі арқылы балалар кибербуллингке, алаяқтыққа және сексуалдық сипаттағы азғыруға тап болуы мүмкін. Бұған қоса, түрлі ойындар мен платформаларға тәуелділік те туындайды. Сондықтан мұндай шектеулер ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы қажет, – деді Ақмарал Палмаханова.

Адвокат халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, Австралия осындай шектеу енгізген алғашқы елдердің бірі. Алайда бұл шараның нақты нәтижесін бағалауға әзірге ерте. Себебі заңның тиімділігі оны іске асыру тетіктеріне және талаптардың қаншалықты орындалатынына байланысты.

Жасөспірімдердің жасын анықтау үшін ұялы байланыс операторларына қосымша міндет жүктеу мәселесі де талқыланып жатыр. Мәселен, SIM-карта рәсімдеу кезінде нөмірдің кімге тиесілі екені ескеріліп, осы дерек арқылы әлеуметтік желіге тіркелуді бақылау ұсынылған.

Дегенмен балалардың ата-анасының нөмірін пайдаланып немесе VPN арқылы шектеуді айналып өту мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл талаптардың іс жүзінде қалай орындалатыны мемлекеттік органдар мен платформалардың бақылау тетіктеріне байланысты болмақ.

Заң талаптары бұзылған жағдайда кім жауап беретіні әзірге белгісіз. Ақмарал Палмаханова заң жобасымен толық таныспағанын, сондықтан нақты жауапкершілік түрлері туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді. Ал халықаралық тәжірибеде негізгі міндеттеме ата-аналарға емес, әлеуметтік желі платформаларына жүктеліп, талапты орындамаған жағдайда оларға айыппұл салу қарастырылған.

Сонымен қатар WhatsApp секілді жедел хабар алмасу сервистеріне шектеу қойылмайтыны айтылып отыр. Алайда мессенджерлердегі арналар мен топтар арқылы да балалардың зиянды контентке тап болуы мүмкін екенін ескерген жөн.

Ата-ананың әр баласының әлеуметтік желіде қандай ақпарат көріп, кіммен байланысып жүргенін күнделікті бақылауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан мұндай шектеулер енгізілсе, балаларды интернеттегі зиянды ықпалдан қорғауға мүмкіндік туады. Мен бұл бастаманы қолдаймын, – деді адвокат.

Сондай-ақ оқыңыз: