Кілем бетіндегі ұлттық өнер: дәстүр мен жаңашылдық

Қазақы кілемге салынған портреттер. Суретші Әсел Сабыржанқызы дәстүрлі тоқыма бұйымдарын заманауи кескіндемемен ұштастырып, KilemArt атты авторлық техника қалыптастырған. Биыл ол TikTok платформасының халықаралық Discover List тізіміне енді, деп хабарлайды 24KZ.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– Қазақ халқының ою-өрнегі мен ұлттық нақышы – ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұра. Бүгінде осы құндылықтарды заманға сай жаңғыртып жүрген шығармашылық иелері бар. Солардың бірі – Асоль лақап атымен танылған шебер. Ол кілемге ұлттық нақыштағы сурет салып, дәстүрлі өнердің өзіндік қырын көрсетіп жүр.

Кәдімгі кенептің орнына – қазақы кілем. Суретші Әсел Сабыржанқызы аэрозоль бояуларын пайдаланып, матаның табиғи бедері мен ұлттық оюларын сақтай отырып жұмыс істейді. Осылайша, дәстүрлі тоқыманы кескіндеменің жаңа үлгісінде ұсынып жүр. Шығармаларының негізгі тақырыбы – қазақ әйелдерінің бейнесі, тарихи тұлғалар және Ұлы дала мұрасы. Мәселен, «Ұлы дала әйелдері» сериясында 14 тарихи кейіпкер бейнеленген. Сонымен қатар суретші Абай, Кенесары хан, Алаш қайраткерлері, Бауыржан Момышұлы мен Дінмұхамед Қонаевтың портреттерін салған.

Әсел Сабыржанқызы, суретші:

– Қазір мені қазақ кілемі шабыттандырады. Оның қаншалықты қызықты әрі терең тарихы бар екенін түсіндім. Кілем тоқу өнеріміз ежелден келе жатқан асыл мұра. Мәселен, жұлдыз пішіндес «қазақ» деп аталатын оюымыз бар. Әлемнің әр түкпіріндегі кілемдерден де осы өрнектің элементтерін кездестіруге болады. Кілем өнерінің дамығанын қалаймын. Өйткені бұл мұра біртіндеп ұмытылып барады. Мысалы, Әзербайжанда кілем фестивалі мен музейі бар. Бізде де осындай жобалар болса деймін. Ал мына туындыда дала рухын көрсеткім келді. Қыздың бейнесіне жануарлардың образын енгізуді ойладым. Кеңістік шағын болғандықтан, композицияны мұқият іздестірдім. Сөйтіп, қыздың бірде қасқырдай, бірде бүркіттей болмысын көрсетуге тырыстым.

Елордада өтіп жатқан «ARQAU / THREADS» көрмесінің атауы да тоқыма өнерімен байланысты. Қазақ тіліндегі «арқау» сөзі мата тоқуда қолданылатын жіпті білдіреді. Жоба авторлары бұл атауды ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүр жалғастығының нышаны ретінде алған. Экспозицияда арнайы дайындалған картиналармен қатар, бейнепроекция мен цифрлық технологиялар біріктірілген мультимедиалық жұмыстар ұсынылған.

Дәулет Ниязбек, көрме қонағы:

– Ол кісі естеріңізде болса, әлемдік жұлдыздар Дженнифер Лопес, Джеки Чан, яғни америкалықтар келгенде, олардың портреттерін қазақы кілемнің бетіне салып, сол кісілерге сыйлаған болатын. Бұл нәрсе креативті саланы бүгінгі саламен және елімізді шетелге танытуда, әлемдік жұлдыздардың үйінде бір қазақтың бір бұйымдарының тұруына деген өзінің үлесін қосып жүрген азаматша деп білемін.

Өнер иесі халықаралық жобаларға қатысып, қазақтың дәстүрлі қолөнерін шетелдік аудиторияға танытып жатыр. Ал KilemArt осы мұраны заманауи өнер арқылы дамытудың бір үлгісі.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ғалымжан Абдылахат

Сондай-ақ оқыңыз: