Елде 21 білім беру нысаны салынады
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізде 21 білім беру нысаны салынады. Жобаларды жүзеге асыруға 83,5 млрд теңге бөлінген. Оның 16-сы Астанада бой көтереді. Мұны ҚР Оқу-ағарту министрлігі инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Атап айтқанда, 14 мектеп пен 2 балалар сарайы салынбақ. Бұдан бөлек, Абай, Маңғыстау, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында жаңа мектептер ашылады. Құрылыс жұмыстары ең алдымен оқушы орны тапшы, халық саны қарқынды өсіп жатқан өңірлерде жүргізіледі.
Айқожа Әбсадықов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры:
– Сонымен бірге халықтық құрылыс бағдарламасы аясында министрлік 20 өңірде 20 арнайы мектеп салу жобасын қарастырып, жоспарлап отыр. Қазіргі таңда тұжырымдама дайындау үстіндеміз. Эксперттер, сарапшылар, сонымен қатар практиктермен бірге осы тұжырымдаманы дайындап, жобалау құжаттамасын дайындап, одан кейін жергілікті атқарушы органдарға құрылыс бастауына жоспар беретін боламыз.