Күй кемеңгері – Қаршыға

Қазақтың күй өнерін төрткүл дүниеге танытқан, домбыраның қос ішегінен тұтас бір дәуірдің үнін сөйлеткен Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл, деп хабарлайды 24KZ.

Алматыда есімі ұлттық музыка тарихында айрықша орын алатын күйші-композиторды еске алуға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, күйші құрметіне гала-концерт ұйымдастырылды. Өнер зерттеушілері Қаршығаның ғылыми-педагогикалық мұрасы мен домбыра мектебін дәріптеді.

Қаршыға Ахмедияровтың күй әлеміне келуі өз алдына бір тарих. Алғашында мал дәрігерлік институтына түседі. Жас жігіттің бойындағы музыкалық қабілетті байқаған ұстаздары оны өнер жолына бағыттайды. Шамғон Қажығалиевтің қолдауымен консерваторияға ауысады. Оны бітірген соң, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде шығармашылыққа бет бұрады. Осы сәттен бастап қазақ күйін әлемге танытқан біртуар домбырашының кәсіби өнердегі жолы қалыптасты.

Нұрбике Жұмағалиқызы, Қаршыға Ахмедияровтың жары:

– Қазақтың күйін төрткүл дүниеге паш етті. Жер бетінің төрт құрлығында қазақтың домбырасы күмбірледі. Осыдан 45 жыл бұрын БҰҰ-ның үлкен концерттік залында өнер көрсеткен алғашқы қазақ болды. Сондай-ақ ол – домбыраның құлағына мемлекеттік сыйлықты байлап кеткен алғашқы қазақ.

Қаршыға Ахмедияровтың орындаушылық мәнері де өзгеше еді. Оның күй тарту техникасы, сол қолының күрделі қағыстары мен әуенді түрлендіру шеберлігі өзге күйшілерден даралап тұратын.

Әсіресе бір шығарманы әр орындағанда жаңаша жеткізетін импровизаторлық қабілеті шәкірттерінің жадында.

Баян Игілік, Қаршыға Ахемедияровтың шәкірті:

– Музыкада пернелерді басу әдісі аппликатура деп аталады. Бір дыбысты екінші рет ол саусақпен қайталамайды. Оны астенаталық дыбыс деп айтады. Күйді орындау барысында ағайдың оған бояу беру үшін дыбысты екінші саусаққа ауыстыратын әдісі бар. Ағайдың осындай ерекшеліктері өзіндік стильдік, орындаушылық қырын дараландырып тұрады.

Қаршыға Ахмедияровтың ұлттық музыка қорын толықтыруға сіңірген еңбегі де зор. Ол Құрманғазыдан бастап халық композиторларының күйлерін жинақтап, жүйелеуге және нотаға түсіруге атсалысты. Сондай-ақ «Қазақтың мың күйі» жобасына жетекшілік етті. Жанрды жетілдіріп, өзіндік өрнек қосқан ол күйлердің мазмұнына, формасына, интонациялық сипатына да көптеген жаңалық енгізді. Яғни дәстүрлі жанрды өзінше дамытып, жаңа қырынан танытты.

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор:

– Мен Қаршығамен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда екі жылдай бір бөлмеде жатып, бірге оқыдым. Асанәлі Әшімов ағамыз: «Өнердің досы – құштарлық, жауы – іштарлық», - деп айтқан екен. Сол айтқандай, Қаршыға өте кең болды. Сонау Ақтаудан Сержан деген ағамыз болды. Атыраудан Есқалиев деген ағамыз болды. Ғабдиев Рысбай ағамызды шақырып алып, осы жерде солармен күй шертіс, күй айтыс жасап, солардың тәжірибесін өзіне игеріп, оны шәкірттеріне үйрететін.

Күйшінің 80 жылдығына орай «Күй кемеңгері – Қаршыға» атты мерейтойлық гала-концерт ұйымдастырылды. Кеш барысында күйші-композитордың шығармалары орындалып, ізін басқан ұрпағы өнер көрсетті. Дүлдүл күйшінің ғұмыры аяқталғанымен, оның күйлері мен орындаушылық мектебі қазақ өнерінде жасай бермек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Кенже Амраев

Сондай-ақ оқыңыз: