Елде «Цифрлық қамқорлық» тәлімгерлер желісі құрылады
Елдегі Достық үйлерінде «Цифрлық қамқорлық» атты тәлімгерлер желісі құрылады, деп хабарлайды 24KZ.
Онда электрондық мемлекеттік қызметтерді, банк қосымшалары мен заманауи платформаларды пайдалануды үйретіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайлы бас қалада өткен Халық Кеңесінің Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның отырысында айтылды. Сондай-ақ «Кітап оқу сағаты», «Оқырман ұлт», «Бір ел, көп хикая», «Шекарасыз халық өнері» сынды әдеби, мәдени жобалар жүзеге асады. Келелі кеңесте «Қоғамдық мәселелер мен бастамалардың өңірлік картасын» қалыптастырудың да тетіктері талқыланды. Бұдан бөлек, Кеңес мүшелері мемлекеттік тілдің мәртебесін этностар арасында насихаттау, қолданыс аясын кеңейту ісіне де тоқталды. «Этномәдени әралуандық жағдайындағы мемлекеттік тілдің рөлі» атты пилоттық жоба таныстырылды. Бұл бастамалар этнос өкілдердің бірлігін бекемдеуге бағытталған.
Марат Әзілханов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Жалпы айтқанда комиссияға 58 бастама ұсыныс келіп түсті. Оның 20-ы іріктеліп, егжейлі-тегжейлі қаралды. Барлығы қоғамдағы шоғырланған мәселелерге қатысты. Оның ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау, өңірдегі мәселелер, ұлт аралық келісім, бірлік мәселелеріне қатысты болды.