Торонтода Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтті

Канаданың Торонто қаласында Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Игі шара этномәдени жәрмеңкемен басталып, көпшілікке халқымыздың салт-дәстүрі, қолөнері мен ұлттық мұрасы таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Құрманғазының «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі күмбірлеп, Антонио Вивальдидің «Қыс» шығармасы этно-рок нұсқасында орындалды. Домбыраның заманауи өңдеудегі үні мен қазақтың көне ішекті аспабы жетігеннен төгілген саз канадалық көрермендердің жүрегін баурап алды. Мерекелік концертті Канаданың түкпір-түкпірінен келген отандастарымыз бен жергілікті жұртшылық тамашалады. Ілкімді жиынға Отандастар қоры, Қазақстанның Канададағы Елшілігі және Торонто мен Үлкен Торонто өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығы мұрындық болды.

Әлібек Жұрқадам, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті:

– Жалпы бұл концерт біздің шетелде тұрып жатқан қандастарымызға, отандастарымызға арналды. Біздің мақсатымыз – қай елде тұрса да, осы қазақ өнерін насихаттап, дәріптеп жүру. Сонымен қатар қандастарымызды туған елімен байланыстыру.

Мадина Кеңесбаева, Торонто және Үлкен Торонто өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығының жетекшісі:

– Бізде Торонто және Үлкен Торонто аймағында көптеген қазақтар бар. Мысалы, мен Канадаға 14 жыл бұрын көшіп келген кезде қазақтардың саны азырақ еді. Қазір көбейіп жатырмыз. Әр кездескен сайын жаңа адамдармен танысып жатырмын. Әрине, елдің бәрі туған жерін сағынады. Біз үнемі балаларды осылай тәрбиелейміз, тарихты оларға таныстырғымыз келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: