ІІМ үш қалада есірткі курьерлерін ұстады

Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмыс жүргізуде. Алматыда полицейлер 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Оның автокөлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан астам кетамин психотроптық заты тәркіленді, деп хабарлайды 24KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Шымкентте полиция қызметкерлері 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Оны жеке тінту кезінде салмағы жарты килограмм болатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Жігіт оны қала аумағында өткізбек болған. Павлодарда полицейлер 32 жастағы әйелді ұстады. Оны жеке тінту кезінде бір жарым килограмға жуық a-PVP және шамамен 30 грамм мефедрон тәркіленді. Күдіктінің әлеуметтік желі арқылы есірткі курьері жұмысын тауып, тыйым салынған заттарды өткізу үшін Алматыдан Павлодарға арнайы келгені анықталды. Қарашаның бірінші онкүндігінде барлығы 56 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның 35-і қылмыс. 

10 күн ішінде 35 фигурант ұсталды, оның ішінде: 19 адам есірткі өткізу фактілері бойынша; 3 адам есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін; 8 адам контрабанда үшін; 3 адам улы заттардың заңсыз айналымы үшін; 1 адам есірткі өсіргені үшін; 1 адам есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін. Заңсыз айналымнан 200 килограмнан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 190 кг марихуана, шамамен 13 кг синтетика және 4 кг гашиш бар.

Сондай-ақ оқыңыз: