Теңгеден бұрын шыққан марка: Қазақстанның алғашқы «Алтын сарбазы» туралы не белгілі?
Төл теңге әлі айналымға енбеген тұста жарық көрген тұңғыш пошта маркасы туралы не білеміз? «Тәуелсіздік шежіресі: 35 дерек» айдары аясында 1992 жылы 20 наурызда шыққан «Алтын сарбаз» пошта белгісінің тарихына тоқталамыз. Онда неліктен «Алтын адам» бейнеленді және алғашқы марканың таралымы қанша болды? Толығырақ «24KZ» материалында.
Неліктен «Алтын адам» таңдалды?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға өзіндік мемлекеттік рәміздерімен қатар, халықаралық деңгейде елді танытатын пошта белгілері де қажет болды. Алғашқы ұлттық маркаға елдің бай тарихи мұрасын паш ететін «Алтын адам» бейнесі таңдалды.
1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінің алтынмен көмкерілген салтанатты киімі Қазақстанның ең танымал археологиялық жәдігерлерінің бірі саналады. Оның бас киімі мен киіміндегі мыңдаған алтын әшекей ежелгі сақ мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетеді.
«Ұлттық мұражай қазыналары» сериясымен шыққан марканың идея авторы – сол кездегі Қазақстан Республикасы Байланыс министрінің орынбасары Қазыкен Базылов, ал көркемдік безендіруін суретші Герман Комлев жасаған. Маркада алтын түстес сақ жауынгері қою шие түсті фонда бейнеленген. Бұл көркемдік шешім ежелгі жәдігердің айрықша келбетін шағын пошта белгісіне дәл сыйғызуға мүмкіндік берді.
Алғашқы марка неге теңгеден бұрын шықты?
«Алтын сарбаздың» қызықты ерекшеліктерінің бірі – оның номиналы. Марканың төменгі бөлігінде «0,50» деген белгі қойылған. «Қазпошта» мәліметінде бұл 50 тиын деп көрсетіледі. Алайда 1992 жылы Қазақстанның өз ұлттық валютасы әлі болған жоқ – ел аумағында рубль айналымда жүрді. Ал төл теңгеміз тек 1993 жылы 15 қарашада қолданысқа енгізілді. Сондықтан алғашқы марканың номиналы тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі ақша айналымының ерекшелігін айқын көрсетеді. Халықаралық StampWorld филателиялық каталогында да марканың номиналы 0,50 рубль ретінде белгіленген.
2,5 миллион дана таралыммен шыққан
Алғашқы қазақстандық пошта маркасы 2 миллион 500 мың дана таралыммен Мәскеудегі «Гознак» баспаханасында басылып шықты. Оның ерекшелігі тек таралымында ғана емес: маркада ел атауы кириллицамен («ҚАЗАҚСТАН») және латын әріптерімен («KAZAKHSTAN») қатар жазылған. Бұл пошта белгісі елдің тәуелсіздік кезеңіндегі алғашқы ұлттық шығарылымдарының бірі ретінде халықаралық филателиялық каталогтарға енді.
Сол жылы 27 тамызда Қазақстан Дүниежүзілік пошта одағына мүше болды. Осылайша елдің дербес пошта жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды кезең басталды.
25 жылдан кейін қайта жаңғырды
Арада ширек ғасыр өткен соң, 2017 жылғы тамызда «Алтын сарбаз» тақырыбы қайта жаңғырды. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алғашқы марканың 25 жылдық мерейтойына арналған жаңа пошта белгісін айналымға енгізді.
«Атаулы күндер» сериясымен шыққан жаңа марканың таралымы 10 мың дананы құрады, суретшісі – К. Плужникова. Онда ультракүлгін бояумен жасалған арнайы қорғаныш элементтері қолданылды. 1992 жылғы алғашқы шығарылыммен салыстырғанда мерейтойлық марканың таралымы 250 есе аз болды.
Тарихтың шағын куәсі
Пошта маркасы – хат пен сәлемдеме жөнелтуге арналған төлем белгісі ғана емес. Онда мемлекеттің тарихы, мәдениеті мен белгілі тұлғалары да көрініс табады. 1992 жылғы «Алтын сарбаз» – соның айқын дәлелі. Шағын ғана маркаға ежелгі сақ дәуірінің мұрасы мен тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы тоғыстырылды. Бүгінде бұл шығарылым халықаралық филателиялық каталогтарда сақталған, ал оның жарық көрген күні Қазақстанның дербес пошта маркалары тарихындағы маңызды дата ретінде аталады.