Қазақстанда ішкі туризм қарқын алды: туристер саны 8,7 млн-ға жетті

фото: ЖИ

Қазақстанда ішкі туризм соңғы 7 жылда 84,4%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орналастыру орындарында тоқтаған отандық туристер саны 8,7 млн-ға жеткен. Саладағы өсімге туристік аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, жаңа демалыс орындарының ашылуы және экотуризмге сұраныстың артуы әсер еткен. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов 24KZ эфирінде айтты.

Комитет төрағасының сөзінше, 2019 жылдан бастап елімізде туризмді дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыс қолға алынған. Сол жылы қабылданған мемлекеттік бағдарлама аясында Бурабай, Маңғыстау, Алматы тау кластері, Имантау-Шалқар, Баянауыл және Алакөл секілді 10 туристік бағытты дамыту көзделген.

Осы бағыттарда инфрақұрылымды жақсарту, туристік нысандарды жарнамалау және инвестиция тарту жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Маңғыстау облысында жағажай курорты қалыптасып, Rixos қонақ үйі мен ойын-сауық нысандары ашылды. Түркістанда туристерді тартатын ірі кешендердің бірі – «Керуен сарайы» іске қосылды, – деді Нұрбол Байжанов.

Ішкі туризмнің өсуіне экотуризм де ықпал етіп отыр. Әсіресе пандемиядан кейін қазақстандықтар табиғи аймақтарда демалуға көбірек қызыға бастаған. Ұлттық парктерде туристерге арналған экологиялық соқпақтар мен маршруттар әзірленіп, визит орталықтары салынған. Қазір олардың саны 10-нан асады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге 3,7 млн адам барған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18-20 пайызға көп. Ұлттық парктердің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымын дамыту туристер ағынына оң әсер етіп отыр, – деді Нұрбол Байжанов.

Туристік бағыттардың қолжетімді болуына жол инфрақұрылымының жақсаруы да әсер еткен. Мәселен, Қарағанды мен Алматы арасындағы тасжолдың аяқталуы Балқашқа баратын туристер санын арттырған. Ал Талдықорған мен Өскемен бағытындағы жолдардың іске қосылуы Алакөлге қатынауды жеңілдеткен.

Биылғы туристік маусымда орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адам тоқтаған. Оның 4,2 миллионы – отандық, 600 мыңнан астамы шетелдік турист. Сонымен қатар демалыс орындарының саны да артып келеді. Егер 2019 жылы елімізде 3 600 орналастыру орны болса, биылғы бірінші жартыжылдықта олардың саны 4 600-ге жеткен.

Туризм саласына салынған инвестиция көлемі де өсіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге жуықтаса, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша тағы 1,3 трлн теңгеге жеткен.

Дегенмен саладағы өзекті мәселелердің бірі – қызмет көрсету сапасы мен жол бойындағы инфрақұрылым. Осы бағытта кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, жол бойындағы сервистік нысан салған инвесторға әкімдік тарапынан жұмсалған қаражаттың 10 пайызы өтеледі.

Сондай-ақ «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы қонақ үйлер мен мейрамханаларда ұлттық стандарттарды енгізуді ынталандыру үшін арнайы сапа белгісін беруді қолға алған. Ал салаға қажетті мамандарды даярлау Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде жүргізіледі. Қазір онда 2 800-ге жуық студент білім алып жатыр. Биыл оқу орнын 1 200 студент тәмамдаған, олардың 70 пайыздан астамы туризм саласында жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз: