Табиғатты қорғауда жи таптырмас көмекшіге айналды
Жасанды интеллект табиғатты сақтауға көмектесіп жатыр. Бірнеше ірі экологиялық ұйым қазірдің өзінде жойылып кету қаупі бар жануарларды бақылау үшін нейрожүйелерді кеңінен қолдануда. Цифрлық технологиялар орман өртін ауыздықтауға да септігін тигізіп үлгерді. Экобелсенділердің айтуынша, жасанды интеллект ең алдымен тез ақпарат жинап, уақыт үнемдейді, деп хабарлайды 24KZ.
Жасанды интеллектінің арқасында 9 айға созылған жұмысты 9 сағатта аяқтадық. Экологиялық ұйым өкілдері жойылу қаупі төнген жануарларды аман алып қалатындарына сенімді. Себебі нейрожүйе Африка пілдерінің мекенін асқан дәлдікпен анықтап, жануарлардың нақты санын есептеген. «Осының арқасында жануарларды қорғау шараларын жылдам әрі тиімді жүргізуге болады», – дейді Фрэнк Поуп.
Фрэнк Поуп, Save The Elephants ұйымының бас директоры:
– 2017 жылы Кенияда пілдер мекендейтін аумақтардың барлығын ұшақтан суретке түсірдік. Толыққанды ғылыми зерттеу жүргізуге 9 ай жұмсадық. Биыл сол суреттерді жасанды интеллект арқылы зерделеп көрейік деп шештік. Нәтижесінде, бұрын назарымыздан тыс қалған біраз жайтты анықтадық. Ең бастысы, 190 мың суретті небәрі 9 сағатта толық зерттеді. Әлбетте, адамның ғана санасы жететін тұстар бар. Сондықтан нейрожүйе адамды толық алмастырады деп айта алмаймын. Десе де жасанды интеллект жұмысты әлдеқайда жеңіл әрі тиімді етті.
Жаһандық климаттық өзгеріс салдарынан туған аптап ыстық орман өртін өршітті. Алайда экологияға зор зардап тигізетін тілсіз жауды Жасанды интеллект арқылы ауыздықтауға болады. Оған Forest Research орманды зерттеу орталығы дәлел. Қауымдастық зерттеушілері Камбоджадағы бірнеше өрт ошағын зерттеп, жуырда қорытындысын шығармақ.
Хлоя Беллами, Forest Research зерттеу орталығының қызметкері:
– Адамдарға қарағанда жануарлар табиғат құбылыстарын сезгіш болып келеді. Сондықтан біз бірнеше дыбыс жазғыш орнату арқылы жануарлардың дауысын жазып алып, олардың өрт кезінде қашу белгілерін бағамдадық. Әлбетте, Жасанды интеллектсіз бұған жылдар кетер еді. Ал нейрожүйе санаулы сағатта қорытындысын шығарды. Осының арқасында орман өртін әлдеқайда ерте анықтап, дереу шара қолдануға болады.
Бүгінде әлемдегі ең ірі 15 экологиялық ұйым Жасанды интеллектіге иек артқанын хабарлады. Оның ішінде мұхит пен балықтарды және су асты тіршілігін қорғау қауымдастықтары ауқымды зерттеуге дайындалып жатыр.
Автор: Еркелді Тілеуқұл