Түркістан облысында 117 млн теңге жымқырған аурухана басшысы 8 жылға сотталды
Түркістан облысында Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына медициналық жабдық сатып алу кезінде 117 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылған. Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті бұрынғы бас дәрігер мен кәсіпкерге қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды 24KZ.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер реанимациядағы науқастарға қажетті оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Медициналық жабдықты сатып алу кезінде тауарлар бірнеше бөлікке бөлініп, бағынышты компаниялар арқылы нарықтық бағадан жоғары құнмен рәсімделген. Алайда жеткізу және орнату жұмыстарын басқа ұйым орындаған, – делінген хабарламада.
Қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалып, ол туысының атына рәсімделген. Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар мемлекет кірісіне елордадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.