Құрылтай депутаттары Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай үндеу жариялады
Құрылтай депутаттары Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай халықты ел дамуына ортақ үлес қосуға шақырды. Барлық фракция атынан үндеуді депутат Дихан Қамзабекұлы оқыды. Онда елдің жетістіктерін еселеу, алдағы даму бағытын айқындау және «Халықтық құрылыс» бастамасын қолдау қажеттігі айтылды.
Үндеуде Тәуелсіздіктің 35 жылдығы ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басатын маңызды белес екені атап өтілді. Депутаттар осы уақыт ішінде Қазақстан елеулі жетістіктерге жеткенін айтып, алдағы міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығын алдағы өсу көкжиегімізді, нақты мақсат-мүддемізді айқындайтын жауапты кезеңге айналдыруымыз керек, – деді.
Депутат Дихан Қамзабекұлы соңғы жеті жылда ел экономикасының айтарлықтай өскенін атап өтті. Осы кезеңде жалпы ішкі өнім шамамен 2,5 есе артып, 398 млрд долларға жеткен. Бұл жетістіктерді одан әрі нығайту үшін ел әлеуетін арттыратын жобаларға қолдау көрсету маңызды.
Үндеуде Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударылды. Депутаттар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салу арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абыройлы міндет, – делінген үндеуде.