«Кітап оқитын ұлт» жобасы: кітапқа құштар оқушы

Кітапқа құштар оқушы. Ақтаулық жеткіншек Абай Құрманбай мыңнан астам кітап оқыған. Оның түрлі жанрдағы әдеби оқулықтарға деген қызығушылығы төрт жасында басталған, деп хабарлайды 24KZ.

Кітапқа құштар Абай бесінші сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, ол жастайынан аңыз-ертегі тыңдауды ұнатқан. Кейін сол шығармаларды өз бетімен оқуға ынта білдірген екен. Ата-анасы перзентінің өтінішін орындап, кітапханаға жиі апаруды әдетке айналдырған.

Абай Құрманбай, оқушы:

– Бос уақытым болса, мен осы кітаптарға арнаймын. Көптеген кітапты білемін, танимын және не жайында екенін білемін. Менің ойымша, адам кітапты көп оқыса, сөздік қоры кеңейеді және де ашық сөйлесе алады. Сосын білімі жоғарылайды. Мен келешекте үлкен жазушы болғым келеді, Абай Құнанбайұлы сияқты.

Ақмарал Ілмұхамедова, А. Құрманбайдың анасы:

– Балам сабақта озат. Басты себебі оның кітапқа қызығушылығы, кітапты көп оқитыны деп ойлаймыз. Тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және ағылшын тілінде де кітаптарды алып оқимыз.

Абай Құрманбай Ақтауда «Оқушылар орталығы» өткізген сайыста «Ең жас оқырман» дипломын жеңіп алып, облыстық әмбебап кітапхананың «Үздік кітапхана оқырманы: Алтын формуляр» марапатына лайық деп танылған.

Қалдыгүл Жылқыбаева, облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі:

– Қазақ ертегілерін оқыды, одан бертін келе жас ерекшелігіне қарай жазушылардың да шығармаларын алып, оқып жүр. Абайдың кітапқа деген қызығушылығы және ата-анасымен бірге келіп оқуы бізді қуантады.

Білімпаз оқушының үйінде жеке кітап қоры бар. Оған жақындары мен ұстаздары қырықтан астам әдеби оқулықты тарту еткен.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сондай-ақ оқыңыз: